16.03.2023 | 17:30

Артистік жүзуден Ұлттық құрама маусымды Канадада бастайды

16-18 наурыз аралығында Канаданың Маркем қаласында 23 елден келген 120-ға тарта спортшының қатысуымен артистік жүзуден Әлем Кубогының алғашқы кезеңі өтеді.

Бұл бәсекеде ел намысын Эдуард Ким, Ясмин Тұяқова, Жәния Жиенғазы, Наргиза Болатова мен Арина Пушкина қорғайды. Олар жұптық, аралас жұптық және жекелей сында өнер көрсетеді. Бұл спортшылар былтырғы ел чемпионатының нәтижесінде іріктелген.

Маркем қаласындағы бәсекені мына жерден тікелей эфирде көре аласыздар.

Биылғы Әлем Кубогының 7-маусымында 4-кезең бар. Атлеттер Канададан кейін Мысыр астанасы Каир (28-30 наурыз) мен Францияның Монпелье қаласында (5-7 мамыр) шеберлік байқасады. Сосын, FINA әр бағдарламадағы үздік 12 спортшыны анықтап, Суперфиналға шақырады. Суперфинал болатын қала мен уақыты кейін анықталады. Айта кетейік, су спорт түрлерінен ХХ әлем чемпионаты биыл жазда Жапонияның Фукуока қаласында өтеді.

Осыған дейін артистік жүзуден Әлем Кубогы 2017-2022 жылдар аралығында «FINA-ның Әлем сериясы» атауымен өткен. Ал оған дейін (2006-2016 бен 1979-2014 жж) Халықаралық су спорт түрлері федерациясы (FINA) артистік жүзуден Әлем Кубогын жылына тек бір мәрте ғана ұйымдастырған.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес