27.09.2025 | 19:40

АСЛАН ҚҰСАЙЫНОВ: «АРТЁМ МАТУСЕВИЧТІҢ НӘТИЖЕСІ ДҰРЫС БАҒЫТТА КЕЛЕ ЖАТҚАНЫМЫЗДЫ КӨРСЕТЕДІ»

Қытайдың Шанхай қаласында өтіп жатқан академиялық ескек есуден әлем чемпионатында Ұлттық құрама спортшысы Артём Матусевич жекелей сында 9-сатыға тұрақтадыдеп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Отандасымыз В финалында мәреге үшінші болып жетті. Бұл - біздің спортшылар үшін ересектер арасындағы әлем чемпионатындағы әзірге ең жоғарғы көрсеткіш. Осы орайда академиялық ескек есуден Ұлттық құраманың бас бапкері Аслан Құсайынов бүгінгі жарысты қорытындылап, пікір білдірді.

«Артёмнің бүгінгі нәтижесі біз үшін атап айтқарлық жайт. Ол әлемдік деңгейде ТОП 10-дыққа кірді. Осыған дейін Қазақстан құрамасында мұндай көрсеткіш болмаған. Артём әлемдік көшбасшылармен жарыста шыдамдылығы мен жоғарғы дайындығын паш етті. Оның нәтижесі сәйкестіктен гөрі заңдылық. Спортшымыздың еңбегімен қатар, бапкерлер құрамының үйлесімді жұмысы мен жаттығу процесін сауатты ұйымдастырудың арқасында осыған қол жеткіздік. Бастысы, бір орында тоқтап қалмауымыз керек. Егер командамыз қазіргідей жинақылық пен тәртіпті сақтаса, көрсеткішті одан әрі жақсарта аламыз»,-деді бас бапкер Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Айта кетейік, 20 жастағы Артём Матусевич ескек есуден Астана қаласы мектебінің түлегі. Академиялық ескек есумен айналысып келе жатқанына 5 жыл болды. ҚР-ның спорт шебері. Ол былтыр Өзбекстанда өткен Азия чемпионатында 3-орын алған. Ал 2023 жылы U23 санатында сары құрлық бәсекесінде күміс жүлдеге ие болған. Сондай-ақ ол бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес