12.09.2024 | 10:06
Бөлісу:
АСТАНАДА АЛҒАШ РЕТ АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫ ӨТЕДІ
Астана қаласы 6-13 қазан аралығында үстел теннисінен XXVII Азия чемпионатын қабылдайды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Бас қаламызда бірінші рет өтетін бәсекеге құрлықтағы 26 елден таңдаулы 210 спортшы келеді. Олар: Бахрейн, Гонконг, Үндістан, Иордания, Иран, Йемен, Қазақстан, Қатар, Қытай, Қытайдың Тайпейі, Қырғызстан, Малайзия, Мальдив аралдары, Моңғолия, Непал, Оман, Пәкістан, Сауд Арабиясы, Солтүстік Корея, Сингапур, Таиланд, Өзбекстан, Филиппин, Шри-Ланка, Оңтүстік Корея, Жапония.
Қатысушылар арасында командалық сында Олимпиада чемпионы, төрт дүркін әлем чемпионы қытайлық Ван Чуцинь; командалық сында Олимпиаданың күміс жүлдегерлері Мива Харимото мен Миу Хирано (Жапония); Олимпиада жеңімпазы және күміс жүлдегері Сунь Инша (Қытай); миксте Олимпиада чемпионы Мима Ито (Жапония); командалық сында Олимпиаданың қола жүлдегері Томоказу Харимотоны (Жапония) ерекше атап өтуге болады.
Ал Қазақстан құрамасының сапында Рио-2016, Токио-2020, Париж-2024 Олимпиадасына қатысқан Кирилл Герасименко, Токио Олимпиадасының қатысушысы Анастасия Лаврова, аралас жұптық сында жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы Алан Құрманғалиев, бірқатар халықаралық турнирдің жүлдегері Сарвиноз Миркадирова, Зәуреш Акашева және бірқатар ойыншы бар.
Азия құрлығы үстел теннисінен әлемдегі көшбасшы саналады. Осы себеп халықаралық жарыстар күнтізбесінде чемпионаттың маңызын арттыра түседі.
Медаль ерлер мен әйелдер арасында жекелей, командалық, сондай-ақ жұптық және аралас жұптық сында сарапқа салынады.
Жарыс BEELINE ARENA Ұлттық теннис орталығында өтеді. Көрермендер тегін кіріп, тамашалай алады. Сонымен қатар жарысты Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: