21.08.2023 | 16:44
Бөлісу:
Астанада ITF таэквондодан әлем чемпионаты басталды
Бұл күндері еліміздің бас қаласында ITFтаэквондодан әлем чемпионаты өтіп жатыр. Бүгін доданың ашылу салтанатына ҚР Мәдениет және cпорт вице-министрі Сәрсен Құранбек, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмұрзаев, ITF таэквондо президенті Ри Йон Сон, Қазақстан таэквондо ITF және АТF қауымдастығының президенті Ерлан Исекешев қатысып, атлеттерге сәттілік тіледі, деп хабарлайды ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
«Елімізде алғаш рет өтіп жатқан әлем чемпионатына 60-қа жуық мемлекеттен 900-дей спортшы келіп отыр. Алдағы 6 күнде таэквондошыларымыз елорда төрінде өздерінің шеберліктерін паш ететін болады. Осындай жарыстың Қазақстанда өтуі біз үшін үлкен құрмет. Айтулы әлем чемпионаты отандық спорт тарихында айрықша орын алатынына сенімдіміз. Әлем біріншілігіне келген спортшыларға тек жеңісті тұғыр, айы оңынан тусын деп тілейміз!» - деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмұрзаев.
Іс-шара барысында ITF таэквондоның отаны саналатын Солтүстік Кореяның спортшылары көрермендерге бір сағаттай өз өнерін паш етті.
Жаһан чемпионатына Албания, Алжир, Аргентина, Аустралия, Бангладеш, Беларусь, Бразилия, Болгария, Камбоджа, Канада, Чили, Қытай, Колумбия, Солтүстік Корея, Доминикан Республикасы, Англия, Эстония, Грекия, Гренландия, Гренада, Гаити, Гондурас, Гонконг, Үндістан, Иран, Ирландия, Италия, Жаңа Зеландия, Ямайка, Жапония, Қырғыз Республикасы, Мадагаскар, Малайзия, Моңғолия, Марокко, Непал, Нидерланд, Солтүстік Македония, Перу, Филиппин, Пуэрто-Рико, Ресей, ОАР, Испания, Швеция, Тәжікстан, Тринидад және Тобаго, Түркіменстан, БАӘ, АҚШ, Өзбекстан, Қазақстан елінің спортшылары қатысып жатыр.
Қазақстанда таэквондоның ITF түрі 1989 жылдан бері қолға алынып келеді.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: