21.07.2026 | 11:54

АСТАНАДА ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКАДАН ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ XXXV ЧЕМПИОНАТЫ ӨТЕДІ

22-24 шілде аралығында Астанада жеңіл атлетикадан Қазақстан Республикасының XXXV чемпионаты өтеді, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Ел біріншілігі Қазақ ұлттық спорт университетінің жаңа стадионында және Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешенінің лақтыру алаңында ұйымдастырылады.

Чемпионатқа еліміздің 17 өңірінен 265-тен астам спортшы қатысады. Сонымен қатар Әзербайжан өкілі Екатерина Сариева үш қарғып секіру сынында жарыстан тыс өнер көрсетеді.

Үш күн бойы спортшылар ерлер мен әйелдер арасындағы 48 жеке жарыс түрінде, сондай-ақ 4×100 және 4×400 метрлік аралас эстафеталарда бақ сынайды.

Ел чемпионатына ұлттық құраманың жетекші спортшылары қатысады. Олардың қатарында Каролин Чепкоеч Кипкируи, Дэйзи Джепкемей, Кристина Овчинникова, Надежда Дубовицкая, Елизавета Матвеева, Анастасия Рыпакова, Мария Ефремова, Аделина Земс, Андрей Соколов, Эльнур Мухитдинов, Иван Иванов, Иван Товченник, Виктория Ан, Виталий Земс, Вячеслав Земс және өзге де жеңіл атлеттер бар. Чемпионат қорытындысы бойынша Азия ойындарына қатысатын Қазақстан құрамасы жасақталады.

Айта кетелік, 22 шілде күні сағат 16:30-да чемпионаттың ресми ашылу рәсімі өтеді. Салтанатты іс-шараға Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының президенті Асхат Ғалымұлы Хасенов қатысады деп жоспарланған. 

Фото: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес