20.06.2022 | invalid

Ауыр атлетика: Қазақстан құрамасы жалпы есепте 1-орын алды

Мексиканың Леон қаласында ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты аяқталды. Барлығы 29 мемлекеттен келген 205 жас толағай 10 салмақта кім мықтыны анықтады. Оның 90-ы ер, 115-і қыз. Қазақстан құрамасы мұхиттың арғы бетіне 9 зілтемірші апарды. Олар 12 алтын, 3 күміс және 6 қола медаль жеңіп алып, жалпы есепте 1-орын алды.

12 алтын (Ерасыл Сәулебеков х3, Денис Полубояринов х3, Едіге Емберді х3, Никита Абдрахманов х3);

3 күміс (Надежда Ли х2, Александра Беленко х1);

6 қола (Ерасыл Омаров х3, Александра Беленко х2, Дарья Балабаюк х1);

Осы тұста (73 келіге дейін) серпе көтеруде 172 келі темірді еңсеріп, жасөспірімдер арасында әлем рекордын тіркеген Едіге Емберді әлем чемпионатының үздік ауыр атлеті атанғанын айта кетейік. Отандасымыздан бөлек, Мексикадағы додада тек  ауыр салмақтағы ирандық спортшы ғана осындай жетістікке жете алды.

Барлығы бұл чемпионатта 24 ел жүлде жеңіп алды. Айта кетейік, жоғарыдағы медаль есептеу кезінде жалпы нәтижемен қатар жұлқа және серпе көтеру жаттығуындағы жекелей жүлделер де есепке алынған.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес