19.03.2023 | 15:00

Азамат Имашев тағы 2 Ұлттық құраманың дайындығын көрді

Бүгін Спортты дамыту дирекциясы директорының орынбасары Азамат Имашев Алматыда су добы мен дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамаларының оқу-жаттығу жиынына қатысты.

Әуелі «Рахат» орталық жүзу бассейніне барып, су добынан Қазақстан ерлер құрамасының жаттығуын тамашалап, команда мүшелерімен сөйлесті. Бас бапкер Дамир Темірхановтың командасы наурыз айының 22-27 аралығында Сингапурде өтетін Азия Кубогына қатысып әлем чемпионатының жолдамасы үшін таласқа түсетін болады.

Сосын, Алматы облысы Жанашар ауылындағы олимпиадалық даярлау орталығына барды. Қазір бұл жерде дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасы оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Ерлер құрамасының бас бапкері Нұрбол Сүлейменовтың айтуынша Тбилиси мен Антальяда өтетін Гранд-слэм жарыстарына дайындық қызу. Одан кейін мамыр айында Қатардағы әлем чемпионаты қол бұлғап тұр. Жиынға барлығы 28 спортшы қатысып жатыр.

Ұлттық құраманың франциялық жаттықтырушы-кеңесшісі Стэфан Трено қазақ дзюдошыларының мықтылығын атап өтіп, әсіресе, жастарға зор үміт артатынын жеткізді. Қазір мақсат тек Париж-2024 Олимпиадасына дайындалу ғана емес, 2028 жылғы жазғы ойындарға да жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес