03.12.2023 | 19:27
Бөлісу:
Әзірет Дүйсенбек пен Батырхан Төлеуғали Спартакиаданың 2-күні сенсация жасады
Астана қаласында таеквондодан VI жазғы Спартакиаданың 2-жарыс күні мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі. Бүгін жүлде жеңіп алғандар:
Ерлер, -54 кг:
1. Әзірет Дүйсенбек (Түркістан облысы)
2. Қайсар Қыдырәліұлы (Алматы қаласы)
3. Артур Серік (Атырау облысы)
3. Бекзод Қадырқұлов (Шымкент қаласы)
«Ересектер арасындағы алғашқы жарысымда жақсы нәтиже көрсеттім. Шыны керек, қарсыласымның бәрі мықты дайындықпен келген. Әсіресе, алғашқы кездесу қиын өтті. Мен бір айналым демалып, қарсыласым бір жекпе-жек жеңіп үлгерді. Ширек финалдағы Әсет Ізғалиді жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері деп естігем. Оған бапкер екеуміз жақсылап дайындалып шықтық. Әсетпен ашық айқасқа түспеу керегін білдім. Соның арқасында жеңдім. Ал Қайсармен бұған дейін 3 рет жолығып, бәрін жеңгенмін. Бір-бірімізді жақсы білеміз. Бүгін аз қателескен адам жеңді»,-деді Әзірет Дүйсенбек марапаттау рәсімінен кейінгі сұхбатында.
-80 кг:
1. Батырхан Төлеуғали (ШҚО)
2. Нұрқанат Қожахмет (Шымкент қаласы)
3. Нұрасыл Қуандық (Жамбыл облысы)
3. Мерген Ғаниев (Атырау облысы)
«Бұл ересектер арасындағы 3-жарысым. Осыған дейін Өзбекстан мен Пәкістандағы халықаралық турнирге бардым. Алғашқысында топ жардым. Кейінгісінде 2-айналымда Оңтүстік Корея спортшысынан жеңілдім. Спартакиадада негізгі қарсыласым Нұрқанат екенін біліп, арнайы дайындалып келгенмін. Сәл ертеректе спаринг өткізіп, жеңілгенмін. Оның тәжірибесі көп. Финалда барлығын бапкерім айтқандай тиянақты істедім»,-деді Батырхан.
+87 кг:
1. Руслан Жапаров (Алматы қаласы)
2. Бауыржан Хасенов (Алматы облысы)
3. Смайыл Дүйсебай (Шымкент қаласы)
3. Жандос Орынбек (Қызылорда облысы)
«Азия ойындарынан кейін жарақат болды. Ал осы Спартакиадаға дайындық кезінде Шымкентте тұмауратып қалдым. Дайындық кезінде көп үзіліс болып кетті. Спартакиада кезінде сол қатты сезілді. Бар мүмкіндігімді көрсете алған жоқпын. Нәтижесі осылай болды. Алда Қытайдағы жарыс тұр. Оған елден 2 ұл, 2 қыз барады. Қай салмақта шығатыным енді анықталады»,-деді Смайыл Дүйсебай.
Әйелдер, -49 кг:
1. Ботакөз Қапанова (Қызылорда облысы)
2. Адель Жандельдинова (Қарағанды облысы)
3. Аружан Әбдіқадыр (Алматы облысы)
3. Нұрай Бауыржанова (Атырау облысы)
«Бүгін ел Спартакиадасында чемпион болу бұйырды. Жарыстың деңгейі өте жоғары. Алайда мұнда ашылып өнер көрсете алмадым. Барлық жекпе-жек қиын өтті. Адельмен бұрын жастар санатында жүргенде ғана кездескем. Қатты қарсылық көрсетті»,-деді Ботакөз Қапанова Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
-57 кг
1. Мария Севостьянова (Атырау облысы)
2. Альмира Қанат (Маңғыстау облысы)
3. Айша Әділбекқызы (Астана қаласы)
3. Ақнұр Жамаубай (Алматы қаласы)
-67 кг
1. Нұрай Құсайынова (Атырау облысы)
2. Самал Берікқызы (Алматы қаласы)
3. Диана Шен (Жамбыл облысы)
3. Малика Құдайбергенова (Астана қаласы)
Ертең шешуші жарыс күні таеквондошылар -63 кг, -68 кг, -87 кг (ерлер) және -53 кг, -62 кг, +73 кг салмақта сынға түседі.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: