08.11.2022 |

Азия чемпионаты: Қазақстан құрамасының еншісінде 21 медаль бар.

Қазақстандық былғары қолғап шеберлері Иордания астанасы Аммандағы XXXII Азия чемпионатынан кем дегенде 21 жүлдемен оралады, деп хабарлайды Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Құрлық додасының 8-күні рингке шыққан барлық боксшымыз жартылай финалға жолдам алды.

Әуелі Ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов үндістандық Сачинді еш қиындықсыз тізе бүктірді. Ізін ала Нұрқанат Райыс қырғызстандық Сагын Сатыбалдыулумен кездесіп, 2-раундтан ары асырға жоқ. Ағайындық Айбек пен Нұрбек Оралбайлар да жеңісті серияны сәтті жалғастырды. Нұрбек таиландтық Джонджохо Вирапунды (3-1), Айбек үндістандық Навин Кумарды 2 рет нокдаунға түсіріп, орта жолдан үйіне қайтарды. Амман төрінде алғаш рет өнер көрсеткен Сағындық Тоғамбай (86 кг) да тәжікстандық Навруз Джафоевты ойсырата ұтып, кемі қолаға қол жеткізді. Әуесқой боксқа қайта оралған аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев оңтүстік кореялық До Хён Кимды сенімді ұтып, күнді керемет аяқтады. Қамшыбек осы жеңісін анасының туған күніне арнағанын айта кетейік.

Кешкі сессияда Ұлттық құрама сапынан сынға түскен  2 дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай төрешілер шешімімен моңғолиялық Балсангийн Менгенсараннан басым болды. Есеп: 3-2.

Қайрат Сатжанов баптайтын ерлер құрамасындағы 13 боксшының 12-сі жартылай финаға сүрінбей жетсе, 2-орында 10 боксшысы бар Өзбекстан тұр. Үштікті 5 шаршы алаң шеберіне сенім артатын Үндістан, Моңғолия мен Иордания түйіндейді.

Ал әйелдер бәсекесінде де Қазақстан жеке дара көш келе жатыр (9 боксшы). Одан кейін Үндістан (7 боксшы) мен Оңтүстік Корея (6 боксшы) орналасқан.

Осынау елеулі нәтиженің арқасында Қазақстан құрамасы бүгін Халықаралық бокс ассоциациясының (IBA) әлем рейтингінде көш бастады.

Айта кетейік, Азия чемпионатының жартылай финал жекпе-жектері 9-10 қарашаға жоспарланған. Ал биылғы чемпиондар мен жүлдегерлер 11-12-не белгілі болмақ.

Суреттердің авторы – Аян Төлеген.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес