05.04.2023 | 10:57

Азия ойындарында бессайыстан Париж Олимпиадасының 5 жолдамасы сарапқа салынады

Халықаралық қазіргі бессайыс одағы (UIPM) 2023 жылға арналған дүниежүзілік бәсекеслер күнтізбесін жариялады. Биылғы доданың бәрінде Париж Олимпиадасының жолдамасы мен рейтинг ұпайлары сарапқа салынады. Бұл қатарда Ханчжоуда өтетін 19-шы жазғы Азия ойындарында бессайыстан келесі жылы өтетін олимпия ойындарына 5 жолдама беріледі. Осы тұста ат спорты Франция астанасындағы бәсекеден кейін қазіргі бессайыс бағдарламасынан алынатынын айта кетейік. Азиадада бұл спорттан үздіктер 20-24 қыркүйек аралығында анықталады.

Әмбебап атлеттер Парижге барар жолды Каирдегі (Мысыр) 7-12 наурыз аралығындағы өткен Әлем Кубогынан бастап кетті. Одан кейін кезең Анкара (Түркия), Будапешт (Мажарстан) мен Софияда (Болгария) болады. Мұнда 72 спортшының арасынан Анкарада өтетін Әлем Кубогының финалында өнер көрсететін үздіктер іріктеледі.

Халықаралық қазіргі бессайыс одағы (UIPM) биыл әлем рейтингінде ұпай жинайтын қосымша жарыстар енгізуді жоспарлап отыр. Ондай рейтингтік бәсекелерді Будапешт (Мажарстан), Држонков (Польша), Мадрид (Испания), Бішкек (Қырғызстан) пен Каир қаласы қабылдамақ.

Жалпы Париж төрінде бессайыстан 72 спортшы (36 әйел, 36 еркек) жүлде үшін сынға түседі.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес