08.12.2024 | 02:44

БАХРЕЙНДЕ АУЫР АТЛЕТИКАДАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫ БАСТАЛАДЫ

Бүгін Бахрейн астанасы Манамада ауыр атлетикадан ересектер арасындағы әлем чемпионаты басталады, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын жаһандық додаға биыл әлемнің 92 елінен 471 атлет қатыспақ. Олардың қатарында Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары да бар. Манамадағы толағайлар тартысында ел намысын ерлер – 10, әйелдер – 5 салмақ дәрежесінде қорғайды.

Былтыр Сауд Арабиясының Ар-Рияд қаласындағы әлем чемпионатына 12 отандасымыз бақ сынап, өкінішке қарай, олардың бірде-біреуі жүлдегерлер қатарынан көріне алмаған. Ал 2022 жылы Колумбияның Богота қаласында өткен жаһандық додада жерлестеріміз бір күміс, бір қола медаль олжалап, жалпыкомандалық есепте 14-орынға тұрақтаған.

Сол жылы ел құрамасынан 96 келіде өнер көрсеткен Нұрғиса Әділетұлы ел қоржынына – күміс, 73 келіде сынға түскен Алексей Чуркин қола жүлде салған еді. Нұрғиса Әділетұлы қоссайыста 383 (174+209) келіні еңсерсе, Алексей Чуркин 343 (153+190) келі зілтемірді басынан асыра көтерген.

Манамадағы биылғы аламанда екі отандасымыз да бақ сынап, екі жыл бұрынғы нәтижелерін жақсартуға тырысады.

Әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан ерлер құрамасы:

67 кг: Ақмолда Сайрамкез

81 кг: Александр Уваров

81 кг: Алексей Чуркин

89 кг: Денис Уланов

86 кг: Денис Полубояринов

96 кг: Кирилл Староверкин

96 кг: Нұрғиса Әділетұлы

102 кг: Артем Антропов

109 кг: Андат Самарқанов

109 кг: Мейрам Сұлтан

Қазақстан әйелдер құрамасы:

64 кг: Карина Горичева

71 кг: Арай Нұрлыбекова

76 кг: Аянат Жұмағали

76 кг: Айша Омарова

+87 кг: Любовь Ковальчук

Айта кетейік, Бахрейндегі әлем чемпионаты 6-15 желтоқсан күндері өтеді. Ел құрамасынан жарыс жолына бірінші болып 8 желтоқсанда Ақмолда Сайрамкез шығады.

Фото: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес