25.06.2022 | invalid

БАҚ өкілдері арасындағы республикалық Спартакиаданың ашылу рәсімі өтті

Қарағанды қаласындағы іс-шараға өңірлерден келген БАҚ қызметкерлері, Спортты дамыту дирекциясы мен жергілікті атқарушы билік өкілдері қатысты. Кішігірім концертте үрмелі аспаптар оркестрі, жергілікті әншілер, би топтары өнер көрсетіп, салтанатты сәттің көркін қыздыра түсті.

«Әуелі сіздерді келе жатқан төл мерекеңізбен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Осы елеулі оқиға қарсаңында сіздерді жинап Спартакиада ұйымдастырып отырмыз. Сіздер күнделікті жұмыс арқылы ел азаматтарына ең маңызды жаңалықтарды жеткізесіздер. Әрі толассыз ақпарат ағынында дұрыс бағыт ұстануға көмектесіп келесіздер.

Осында жиналған мамандардың көбі бір-бірін сырттай болсын таниды. Бұл бүгінгі цифрлы заманда таңғаларлық нәрсе емес. Алайда осындай Спартакиаданың арқасында жақын танысып-білісудің сәті түседі. 4 жылда бір өтетін жарыстың мақсаты жеңіске жету емес дер едім. Бастысы берік байланыс орнату, ойнап-күліп дидарласу. Біз осыған тек себепкер болсақ дейміз. Содан кейін барып қана салауатты өмір салтын насихаттау. Спорттың бұқаралық сипат алуына жағдай жасау тұр. Бүгін бұл сөздер көп айтылып, жаттанды естіліп кетуі мүмкін. Әйткенмен осы тіркестердің маңызы кейінгі кезде артып келеді. Бұған бәріміз куә болдық. Енді 2 күн бойы араласып, әңгіме дүкен құрып қана қоймай, шымыр азамат екендеріңізді көрсетесіздер деп сенемін», деп айтты Спортты дамыту дирекциясы директорының орынбасары Оралбай Жақсымбет.

Алғашқы күнгі жарыс нәтижесіне келер болсақ, қазақ күресінен бірнеше салмақтағы жеңімпаз анықталып, Түркістан, Қарағанды облысы мен Шымкент қаласы командасының қоржынына жүлде түсті. Өз салмағында топ жарғандар: Медеу Зекен, Нұрболат Әмір мен Бауыржан Ерман. 

Спартакиаданың мақсаты – ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халық арасында салауатты өмір салты мен бұқаралық спортты дамыту туралы Жолдауын іске асыру, БАҚ өкілдері арасында салауатты өмір салтын насихаттау. Ұйымдастырушы – ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті.

Спартакиада 26 маусымда аяқталады.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес