30.04.2023 | 19:41

Батуттағы гимнастикадан Қарағанды облысы тағы үздік атанды

Бүгін Алматы қаласындағы №9 Олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде батуттағы гимнастикадан VI жазғы Спартакиада аяқталды. Шешуші күні Қарғанды облысы жақсы нәтиже көрсетіп, жалпы есепте көш басына шықты. Осыдан 4 жыл бұрын Алматыда өткен V жазғы Спартакиадада кеншілер өңірінің гимнастары топ жарғанын айта кетейік.

Таңертең алғаш болып акробатикалық жолақта секіруден ерлер арасындағы командалық бәсеке өтті. Мұнда жеңімпаз соңғы сәтке дейін белгісіз болды. Тартысты сайыста СҚО спортшылары 69,7 балл жинап, Шымкент қаласы (65,8) мен Қарағанды облысынан (64,4) озып кетті. Бұл бағдарламада финалда әр командада 3 спортшыдан өнер көрсетті. Іріктеу нәтижесі бойынша финалға 5 команда шыққан. Өкінішке қарай, Жамбыл облысы мен БҚО жүлдесіз қалды.

Ерлер арасындағы командалық жарыста Батыс Қазақстан облысы қарсылас шақ келтірген жоқ. Олардың еншісінде 74,9 балл. Одан кейінгі орынға Шымкент қаласы (73,8 балл) мен Павлодар облысы (72,10 балл) тұрақтады. Жалпы финалда 4 гимнастан бақ сынады. Ақтық сында ШҚО мен Жамбыл облысы жүлдеге іліге алмады.

Осыдан кейін қос минитрампта қыздар командасы кім мықтыны анықтады. Мұнда да чемпиондық атақ үшін тартыс шиеленіске толы болды. Үш гимнастың көрсеткішін қоса есептегенде Павлодар облысы (63,6 балл) алтын алса, Шымкент қаласы (63,4 балл) күміс, Қарағанды облысы (63,0 балл) қола медальге ие болды.

«Спартакиада өз деңгейінде өтті. Даулы сәттер сол сәтте жұмыс барысында шешілді. Төрешілер қабылдаған барлық шешім әділ деп айта аламын. Жалпы Халықаралық федерация әр Олимпиададан кейін ережелерге өзгеріс енгізіп отырады. Онда қатты өзгеріс бола бермейді. Былтырғы ережеге қарасақ, қазір жарыстардың өту барысында айырмашылық бар. Техникалық тұрғыдан сол күйі қалды. Енді осы Спартакиадаға тоқтала кетсем. Мұнда жақсы нәтиже көрсеткен гимнастар көп болды. Дарынды жастар қалыптасып келе жатыр. Олар Ұлттық құрамадағы Пирмаммад Алиев пен Данил Мусабаевтан осында жүріп-ақ біраз нәрсе үйренді деуге болады. Мәселен, былтыр Данил Әлем Кубогының кезеңдерінде ұпай саны бойынша рейтингте 1-орын алған», деді Азия гимнастика одағы техникалық комитетінің мүшесі, Қазақстан гимнастика федерациясы Техникалық комитетінің президенті, Халықаралық дәрежедегі төреші Ольга Муртазина.

Ал жарыс күні Олимпиада бағдарламасына кіретін батутта секіру сайысымен аяқталды. Синхронды секіруде Қарағанды облысынан келген Сергей Лях пен Никита Тумаков жұбы жеңіске жетті. Данияр Тусупов пен Сұңкар Саун Павлодар облысының командасына күміс жүлде сыйлады. Үздік үштікті Данил Мусабаев пен Ерлан Тасмағамбетов (Қарағанды облысы) түйіндеді.

Әйелдер арасында Шымкент қаласы (Еңлік Тұрсын мен Перизат Ермек жұбы ең көп ұпайға қол жеткізді. Виктория Бутолина мен Виктория Коновалова дуэті (Павлодар облысы) күміс алса, тағы бір павлодарлық Алина Сарсембаева мен Ангелина Глухова қоланы қанағат тұтты.

Ерлер арасындағы командалық есепте Қарағанды облысы (169,53 балл) көш ілгері кетсе, ШҚО мен Павлодар облысы қалған жүлдені өзара бөлісті. Әйелдер бәсекесінде де Қарағанды облысы дес бермеді. Павлодар облысы мен Шымкент қаласы орталықтан келген қарсыластарына есе жберді.

Жалпы есепте Қарағанды облысы бұл жолы да топ жарды. Одан кейінгі сатыға Шымкент қаласы мен Павлодар облысы тұрақтады.

Спартакиадада қазылық еткен Ұлттық құраманың бас бапкері Сергей Вертянкин былай деп пікір білдірді:

«Бұл жарысқа бәрі жауапты қарағаны анық. Қорытындысы бойынша келесі жылғы Ұлттық құрама жасақталады. Биыл да Қарағанды облысының жалпы есепте 1-орын алуы олардың шеберлігінің артып келе жатқанын көрсетеді. Қалған облыстар да мықты гимнастар шығарып жатыр. Шымкент қаласы мен Жамбыл, Павлодар облысының жас спортшылары акорбатикалық жолақта секіру, қос минитрамппен қатар батутта да жоғары ұпайлар жинай алды»,-деді.

Айта кетейік, енді Ұлттық құрама Португалияда өтетін Әлем Кубогының 2-кезеңіне дайындалады. Биылғы Бакудегі алғашқы кезеңде Данил Мусабаев пен Пирмаммад Алиев синхронды секіруде алтын медаль алған. 

Батуттағы гимнастикадан VI жазғы Спартакиаданың толық нәтижесі мына жерде. Ал жүлде санын мына жерден жүктеп ала аласыздар.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес