
06.05.2025 | 19:22
Бөлісу:
БАЙДАРКА МЕН КАНОЭ: АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНДА КІМДЕР СЫНҒА ТҮСЕДІ? +ҚЫЗЫҚ ДЕРЕКТЕР ТОПТАМАСЫ
Қытайдың Наньчан қаласында 8-11 мамыр аралығында байдарка мен каноэде ескек есуден сары құрлық чемпионаты өтеді, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Назарыңызға сынға түсетін Ұлттық құрамадағы 26 спортшының тізімін ұсынамыз:
Байдарка: Бекарыс Раматулла, Кирилл Тубаев, Денис Кленин, Сергей Токарницкий, Игорь Ряшенцев, Жахонгир Жамедов, Артём Терещенко, Дмитрий Холмогоров, Егор Краснонос, Дмитрий Ладюков, Стелла Суханова, Ольга Шмелёва, Ирина Подойникова, Татьяна Токарницкая, Анастасия Березовская;
Каноэ: Нұржан Муфтукулұлы, Сергей Емельянов, Тимофей Емельянов, Полат Төребеков, Виктор Степанов, Диас Ержанов, Маргарита Торлопова, Руфина Искакова, Мария Бровкова, Ульяна Кисилёва, Ольга Сурмина;
Азия чемпионатында Қазақстанның негізгі қарсыласы кімдер?
Жүлдеге таласта біздің спортшылардың жарыс қожайыны қытайлық ескек есу шеберлерімен жолы жиі түйіседі. Мәселен, Қытай Париж Олимпиадасында 2 алтын алса, Токио төрінде 1 алтын, 2 күміске қол жеткізген (бәрі каноэде). Сондай-ақ Иран, Өзбекстан мен Оңтүстік Корея құрлықтағы мықты елдер қатарында.
Ұлттық құраманың көшбасшылары кім?
Бас бапкер Қайсар Нұрмағамбетов жетекшілік ететін командада ағайынды Емельяновтар (Сергей, Тимофей) мен Ирина Подойникова бірден көзге түседі. Атап айтар болсақ, Сергей осыған дейін Азия чемпионатында 9 мәрте, Тимофей мен Ирина Подойникова 8 рет әнұранымызды шырқатқан.
Бұл қатарда Париж Олимпиадасының сынға түскен Бекарыс Раматулла, Руфина Искакова мен Мария Бровкованы қосуға болады. Соңғысы былтыр Өзбекстандағы әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алды.
Алғаш рет Азия чемпионатына қатысатындар...
Биыл 8 отандасымыз алғаш рет ересектер арасындағы Азия чемпионатында күш сынасады. Олар: Диас Ержанов, Егор Краснонос,
Нұржан Муфтукулұлы, Дмитрий Ладюков, Дмитрий Холмогоров, Дмитрий Кленин, Полат Төребеков, Стелла Суханова. Бұл спортшылар осыған дейін түрлі жас санатындағы жарыстарда топ жарып, жүлде алу арқылы лайықты резерв барын көрсетіп келеді.
Қытай Азия чемпионатын бесінші рет қабылдайды
Биыл құрлықтың таңдаулы ескек есу спортшыларын Наньчан қаласы бір ортаға жинады. Осыған дейін байдарка мен каноэден Азия чемпионатын Қытайдың Чжаоцин (1987 ж), Чэнду (1995 ж), Чандэ (1999 ж) мен Шанхай қаласы (2017 ж) бір реттен қабылдаған.
Осыған дейінгі нәтиже қандай?
Сары құрлық додасы негізі 2 жылда бір өтеді. Алайда былтыр белгілі себеппен Жапония астанасы Токиодағы лицензиялық турнирмен бірге болды. Ұлттық құрама спортшылары Олимпиада жолдамасымен қатар 6 алтын, 3 күміс, 2 қола жүлдеге ие болды. Бұл жалпыкомандалық есептегі 1-орын. Сонымен қатар Қазақстан 2017 жылы Шанхайда 10 алтын, 2015 жылы Палембангта 5 алтын, 2009 жылы Тегеранда 14 алтын медальмен 1-орыннан көрінген.
Фото: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:
Таңдаулы жаңалықтар
Барлық жаңалық

АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫ: НАНЬЧАНДА АЛТЫН МЕДАЛЬ САНЫ ТӨРТЕУГЕ ЖЕТТІ

СЕРГЕЙ ЕМЕЛЬЯНОВ 10 ДҮРКІН АЗИЯ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ