08.07.2022 | invalid

Бирмингемде XI Дүниежүзілік ойындардың ресми ашылу рәсімі өтті

Бүгін АҚШ-тың Алабама штатындағы Бирмингем қаласында XI Дүниежүзілік ойындардың ресми ашылу рәсімі өтті. Кішігірім концерттен кейінгі делегациялар шеруінде Мемлекеттік Туды каратэден Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Дархан Асаділов ұстап шықты.

Енді 17 шілдеге дейін әлемнің әр елінен келген 3500-ден астам атлет 34 спорт түрінен 223 медаль жиынтығын сарапқа салады. Соның ішінде Қазақстан құрамасы 8 спорт түрінен аттанған 16 спортшыға үміт артады. Олар кикбоксинг, садақ ату, муай-тай, джиу-джитсу, спорттық акробатика, брейкинг, WKF каратэден жүлдеге таласады.

Айта кетейік, Дүниежүзілік ойындар 1981 жылдан бастап 4 жылда бір рет, олимпия ойындарынан кейінгі жылы ұйымдастырылады. Дүниежүзілік ойындар 2001 жылдан бастап Халықаралық Олимпиада комитетінің қол астына көшті. Әуелі тек олимпиада бағдарламасына кірмейтін спорт түрлерінен өтетін. Бертін келе 4 жылдықтың басты бәсекесіндегі спорт түрлері қосылды. Мәселен, Бирмингемде көркем гимнастика, садақ ату, құзға өрмелеу сынды олимпиадалық спорт түрінен жүлде сарапқа салынады. Ал лакросс, каноэ-марафон, дрон жарыстыру, кикбоксинг, брейк-данс, паркур мен арқан тартыс секілді спорт түрінен алғаш рет Дүниежүзілік ойындарда жарыс өтеді.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес