13.09.2023 | 19:50

Біздің спортшылар Азия ойындарында қай спорттан жиі алтын медаль алған?

Қытайдың Ханчжоу қаласында өтетін XIX жазғы Азия ойындарына санаулы күндер қалды. Осы тұста ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі назарыңызға қазақстандық спортшылар қай спорт түрінен жиі топ жарғанын ұсынамыз. Жалпы еліміздің атлеттері осыған дейін 7 мәрте жазғы Азия ойындарына қатысып, 155 алтын жүлдеге ие болды.

 Қазақстандық спортшылар байдарка мен каноэ есуден жиі жеңіске жетті. Аталған спорт түрінен біздің спортшылардың 24 алтын медалі бар.

 Екінші орында – жеңіл атлетика. Біздің спортшылар 23 алтын жүлдеге ие болды. Атап айтқанда, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова төрт мәрте Азия ойындарының жеңімпазы атанған.

 Қазақстандық боксшылар 16 алтын медаль жеңіп алды. Әр жылдары Ермахан Ибраимов, Геннадий Головкин, Серік Сәпиев, Данияр Елеусінов және Жәнібек Әлімханұлы сияқты атақты былғары қолғап шеберлері құрлық ойындарының чемпионы атанды.

 Ал отандық мергендердің қоржынында Азия ойындарының 14 алтын медалі бар.

 Қазақстан құрамасының 12 алтын медалін ауыр атлеттер алып келді. Грек-рим күресінен отандық палуандар Азия ойындарында 9 рет жеңіске жетті. Нұрмахан Тыналиев екі рет – 2010 және 2014 жылы тұғырдың жоғарғы сатысына көтерілген.

 Қазақстандық велошабандоздар 8 алтын медаль жеңіп алды. Мысалы, Алексей Луценко тас жолдағы велоспорттан Азиадада үш мәрте жеңіске жетті.

 Бірден үш спорт түрінің өкілдерінде 6 алтын медалдан бар. Олар: WKF каратэ, су добы және көркем гимнастика. 2018 жылғы ойындарда қазақстандық гимнастар 2 жиынтық алтын жүлдеге ие болды. Ал су добынан еліміздің ерлер құрамасы кейінгі үш Азиадада қатарынан қарсылас шақ келтірмей келеді.

Айта кетейік, 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында өтетін ойындарда 40-тан астам спорт түрінен жүлделер сарапқа салынады. Ханчжоу Олимпиада жолдамасы таратылатын алғашқы сары құрлық бәсекесі болмақ.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес