27.01.2023 | 15:07

Бокстан Қазақстан құрамасы 22 жасқа дейінгілер арасында Азия чемпионатында 2-орын алды

Бангкокта 22 жасқа дейінгілер арасында өткен бокстан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 2-орынға ие болды. Байрақты бәсеке 18-26 қаңтар аралығында өтті.

Таиланд төрінде шаршы алаңға шыққан былғары қолғап шеберлеріміздің 5-еуі (үшеуі ерлер және екеуі әйел) алтыннан алқа тақты. Сондай-ақ 3 күміс (ерлер) және 12 қола (бес ер және жеті әйел) жеңіп алды. Осылайша, 25 боксшының 20-сы медальге қол жеткізді.

«Барлық спортшымызды, жаттықтырушылар штабын және осы бекзат спорттың жанкүйерлерін Ұлттық құраманың жоғары нәтижесімен құттықтаймын! Боксшылар үшін биылғы басты бәсеке – Ташкенттегі әлем чемпионаты және Қытайда өтетін жазғы Азия ойындары. Дәл осы жарыстарға Қазақстан бокс федерациясы мен Мәдениет және спорт министрлігі басымдық беріп, құраманың жұмысына жіті назар аударады», - деді өз сөзінде Қазақстан бокс федерциясының президенті Кеңес Рақышев.

Ұлттық құраманың боксшылары 28 қаңтарда Қазақстанға оралады. Бангкоктан бас бапкер Мырзағали Айтжановтың басшылығымен команда Алматы халықаралық әуежайына (елорда уақыты бойынша 16:35) қонады, содан кейін құраманың бір бөлігі Астанаға ұшып келеді (21:35).

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес