17.05.2025 | 19:11

БОКСТАН ЖАСТАР АРАСЫНДАҒЫ АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫ: 9 БОКСШЫМЫЗ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ

Бокстан Шри-Ланка астанасында өтіп жатқан жастар арасындағы Азия чемпионатының кезекті жарыс күні аяқталды. Бүгін рингке шыққан 9 отандасымыздың бәрі қарсыласын жеңіп, келесі айналымға шықты, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Нұрхан Құмарбеков (-48 кг) жарыс қожайыны Шри-Ланка боксшысына еш мүмкіндік қалдырмай, айқын басымдық танытты. Есеп: 5-0.

Досымжан Таңатар (-51 кг) қырғыз боксшысынан барлық раундта айласын асырды.

Алдияр Бахадүр (-54 кг) мен Мұхаммед Әл-сарай (IBA) арасындағы жекпе-жек 2-раундтан кейін біздің спортшымыздың пайдасына шешілді.

Жастар құрамасының өкілі Нығман Нығмет (57 кг) тағы бір Шри-Ланка спортшысын барлық раундта сенімді түрде жеңді.

Ал 60 кг дейінгі салмақта Әділет Тортубек Ерлан Ергешов (Қырғызстан) айласын асырып (4-0), жарысты жалғастырады.

Айым Танкибаева (-48 кг) мен Сила Биболсынқызы (-50 кг) шаршы алаңда Вьетнам боксшыларымен күш сынасып, келесі кезеңге жолдама алды.

Рахмина Абдумежитова -52 кг дейінгі салмақтағы алғашқы айқасында жергілікті былғары қолғап шеберінің осал тұсын тапты.

Сонымен қатар Коломбо шаршы алаңына бірінші рет шыққан Құралай Егінбайқызы (-81 кг) Вьетнамнан келген Тран Туйенді 2-раундтан ары асырмады.

Фото: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес