03.05.2022 | invalid

Боранбаевадан Қызайбайға дейін: бокстан әйелдер арасындағы Әлем чемпионаттарына шолу

6-10 мамыр аралығында Түркияның Ыстанбұл қаласында бокстан әйелдер арасындағы XII әлем чемпионаты өтеді. Осылайша, бауырлас мемлекет 20 жылдан кейін тағы шаршы алаң шеберлерінің басын қоспақ. Осы бәсекелерді бас-аяғы 8 ел қабылдады десек, Үндістан, Қытай, Ресеймен қатар Түркия да екінші рет ұйымдастырмақ. Жалпы әйелдер боксы осы ғасырда кең қанат жайып келеді. Алғашқы әлем чемпионаты 2001 жылы АҚШ-тың Скрэнтон қаласында өткен. Осы орайда біздің ұлттық құраманың әр жылғы көрсеткішіне тоқтала кетуді жөн көрдік.

Қазақстан құрамасы 2005 жылы Ресейдің Подольск қаласында өткен 3-ші әлем чемпионатынан бері қатардан қалған емес. Ал алғашқы медальге келесі, 2006 жылы Нью-Делидегі додада қол жеткізген. Жеңіл салмақта (46 кг дейін) сынға түскен Назгүл Боранбаева қола жүлдегер атанды.

Арулар арасындағы 5-жаһандық бәсекені 2008 жылы Қытайдың Нинбо қаласы қабылдаған. Қазақстан мұнда 13 салмақтың 11-інде жүлдеге таласты. Соның ішінде 70 келіге дейінгі салмақтағы Елена Кольцова ғана тұғыр сатысына көтеріле алды. Құрамамыз 1 қоламен жалпы есепте 16-орынға тұрақтады.

Ал Барбадос аралында өткен кезекті чемпионат Қазақстан қыздары үшін сәтті өтті деуге болады. Қызылорда тумасы Мария Вольнова (81 кг дейін) финалда сүрінсе, Назгүл Боранбаева бұл жолы 48 келіге дейінгі салмақта қола медаль жеңіп алды. Жүлдеге іліккен 21 мемлекеттің ішінде Қазақстан 12-сатыдан көрінді.

Құрамамыз тура осы көрсеткішті келесі әлем біріншілігінде тағы қайталады. 2012 жылы Қытай төрінде аса ауыр салмақтағы (+81 кг) Жұлдыз Маматқұлова финалда жарыс қожайынына есе жіберді. Сонымен қатар Назым Қызайбай (-48 кг) үздік үштікті түйіндеген-ді.

Жыл сайын қарқынына-қарқын қосқан қазақ арулары 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Чеджу қаласында жанкүйерлерін сүйсінтті. Назым Қызайбай (-48 кг) әлем чемпионатында топ жарған тұңғыш қазақстандық атанды. Ал аса ауыр салмақты жұдырықтасқан Ләззат Күнгейбаева күміс медальге қол жеткізді. Қазақстан жалпы есепте 4-орын алды.

Ал келесі әлем чемпионаты қазақ боксы тарихына алтын әріппен жазылды. Өз елімізде, елордада 10 салмақтың 4-еуінде топ жардық. Назым Қызайбай (-48 кг), Дина Жоламан (54 кг), Валентина Хальзова (69 кг), Ләззат Күнгейбаева (+81 кг) әнұранымызды шырқатқан. Сондай-ақ Жайна Шекербекова (51 кг) мен Айжан Қожабекова (57 кг) қола медальмен отандастарын қуантты. Қазақстан жалпы есепте ешкімге дес берген жоқ.

2018 жылғы Үндістандағы бәсекеде Қазақстан бір күміс және бір қола медальге ие болған. Екі жыл бұрын қола алған Жайна Шекербекова (51 кг) бұл жолы финалға шыққанымен, солтүстік кореялық қарсыласынан айласын асыра алмады. Карина Ибрагимова жартылай финалда сүрініп, қоланы қанағат тұтты. Нәтижесінде медаль алған 21 елдің ішінде 9-шы болдық.

Осыған дейінгі әлем чемпионаты Ресейдің Улан-Уде қаласында өткен. Онда қазақ былғары қолғап шеберлері 2 қоламен шектелген еді. Милана Сафронова мен Дина Исламбекованың арқасында 13-сатыға тұрақтап едік. Биыл Түркияға аттанған 12 шаршы алаң шеберіміз жарқын өнерімен көзге түсеріне сенеміз.

XI әлем чемпионатын қорыта айтсақ, 41 елдің өкілі тұғыр сатысына көтеріліпті. Қазір Қазақстан 9-орында тұр. Еншісінде 16 жүлде бар (5 алтын, 4 күміс, 7 қола). Біздің алдымызда күмісі мен қоласы көп Түркия құрамасы келе жатыр. Ресей құрамасы - бірінші, Қытай - екінші, Үндістан - үшінші орында.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес