24.12.2022 | invalid

Бүгін біздің спортшылар Азия Кубогының 3-кезеңінде 2 медаль жеңіп алды

Біріккен Араб Әмірлігінің Шарджа қаласында садақ атудан Азия Кубогының 3-кезеңі өтіп жатыр. Бүгін Қазақстан құрамасы бір күміс және 1 қола медальге қол жеткізді. Қос жүлде де құралмалы садақпен (Compound bow) нысана көздеуде бұйырды. Кейде блок садақ деп те аталатын бұл бағдарлама Олимпиада бағдарламасына кірмейді

Аралас командалық сында біздің мергендер (Акбарәлі Қарабаев пен Роксана Юнусова) финалға жетіп, шешуші сайыста Оңтүстік Кореяға (Юхён Ох пен Ёнджун Юн) 152-153 есебімен жол берді. Қола медаль Бангладеш құрамсына бұйырды. Толық нәтижесі мында.

Акбарәлі мен Роксана ширек финалда Гонконг, ары қарай Вьетнамнан келген қарсыластарынан басым түскен.

Сосын әйелдер құрамасы командалық бәсекеде қола жүлде үшін таласта Бангладешті жеңді. Есеп: 219-205. Ел намысын Виктория Лян, Роксана Юнусова мен Диана Макарчук қорғады. Финалда Оңтүстік Кореяны жеңген Үндістан садақшылары жеңіске жетті. Айта кетейік, Қазақстан ширек финалда БАӘ-ні 220-201 есебімен ұтқанымен, жартылай финалда Үндістаннан ұтылды (217-229). Толық нәтижесі мына жерде.

Ертең классикалық я болмаса олимпиадалық садақ атудан (Olympic or Recurve bow) Қазақстан ерлер құрамасы Бангладешпен қола медаль үшін таласады. Біздің спортшылар 1/8 кезеңде Пәкістанды (6-0), ширек финалда Өзбекстанды (6-2) жеңген. Жартылай финалда Оңтүстік Кореядан (5-6) жеңіліп қалды. Қазақстан әйелдер құрамасы 1/8 кезеңде Йеменнен басым түскенімен, ширек финалда Вьетнамнан ұтылды (3-5).

Ал жекелей сында (классикалық түрінен) қазақстандық Ильфат Абдуллин ертең финалда үндістандық Салунхе Парт Сушантпен алтын медальді сарапқа салады. Кеше Дәулеткелді Жаңбырбай, Сұлтан Дүзелбаев, Санжар Мұсаев, Алуа Мұқтарханова, Луиза Саидиева, Алина Ілиясова мен Гаухар Игібаева жүлдеге ие бола алмады.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес