04.09.2024 | 16:54

БҮГІН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТАЕКВОНДО КҮНІ. ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚАНДАЙ НӘТИЖЕЛЕРІ БАР?

Таеквондо 1994 жылғы 4 қыркүйекте Халықаралық Олимпиада комитетінің шешімімен олимпия ойындарының бағдарламасына қосылған. Осыған орай 2006 жылдан бері Халықаралық таеквондо федерациясы (World Taekwondo) 4 қыркүйекті атаулы күнге айналдырған. Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі назарыңызға спорттың осы түрі жайлы маңызды деректерді, соның ішінде Қазақстанның жетістіктерін ұсынады.

1. Таеквондо 2000 жылы алғаш рет Сиднейде Олимпиада бағдарламасына кірген. Оған дейін Сеул (1988 жылы) мен Барселонадағы (1992 жылы) ойын кезінде арнайы көрсетілім (демонстрация) ретінде өткен. Содан бері Париж Олимпиадасын қоса есептегенде спорттың бұл түрінен 42 мемлекет медаль алған. Барлығы 119 ұлттық федерацияның өкілі төрт жылдықтың басты бәсекесінде күш сынасқан. Бұл екі қатарда Қазақстан бар. Біз 2004 жылдан бері тұрақты түрде Олимпиадаға таеквондошы апарамыз.

Афинада ел намысын тек Әділхан Сағындықов қорғаған. Содан кейін Бейжіңде Арман Шылманов пен Лия Нуркина, Лондонда Нұрсұлтан Мамаев, Гүлнафис Айтмұхамбетова, Феруза Ергешова сынға түскен. Ал Рио (Руслан Жапаров, Айнұр Есбергенова), Токио (Руслан Жапаров, Жансель Дениз) мен Париж ойындарында (Самирхон Абабакиров, Батырхан Төлеуғали) екі таеквондошымыз жүлдеге таласты. Әзірге, Қазақстан еншісінде Бейжіңде Арман Шылманов қол жеткізген қола жүлде бар.

2. Қазақстанда ресми түрде жекпе-жектің бұл түрі 1991 жылы пайда болған. Еліміздің таеквондо федерациясының (WT) негізін Мұстафа Өзтүрік қалаған. Ол 1993 жылы біздің федерацияны Бүкіләлемдік таеквондо федерациясының құрамына қосуға зор үлес қосқан. Федерацияның тұңғыш президенті болып Бексейіт Түлкиев тағайындалған. 1995 жылы әскери қызметкерлер арасындағы 7-әлем чемпионатында қазақ таеквондошылары жалпы есепте Корея Республикасынан кейін екінші орынға ие болған.

3. Таеквондодан алғашқы әлем чемпионаты 1973 жылғы мамырда Сеул қаласында 17 елдің қатысуымен өткен. Ал еліміз егемендік алған соң даянг шеберлері алғаш рет 1993 жылы  Нью-Йорк қаласында өткен әлем чемпионатында бақ сынаған. Бүгінге шейін ересектер арасында ӘЧ-да барлығы 8 қола медальге қол жеткіздік.

Қайрат Сарымсақов (2019, 2017 жылы), Арман Шылманов (2007 мен 2009 жыл), Аслан Батықұлов, Назгүл Тәжіғұлова (2007 жылы), Лия Нуркина (2003 жылы), Әділхан Сағындықов (1999 жылы):

4. Таеквондо жазғы Азия ойындарына қосылғалы бері Оңтүстік Корея көш басынан түскен емес. Ал біздің отандастарымыз 1994 жылғы Хиросимадағы сары құрлық Олимпиадасынан бері 19 жүлдеге ие болды. Оның үшеуі күміс, 16-сы қола (құрлық рейтингінде жалпы есепте 15-орында).

5. Қазір елімізде түрлі жас санатын қоса есептегенде 50 мыңнан астам адам таеквондомен тұрақты шұғылданады.

6. Спорт түрінің аты корей тіліндегі 3 иероглифтің бірігуінен шыққан: тхэ – «аяқпен таптау», квон – «жұдырық», до – «жол» немесе «дао ілімін үйрену» деген мағына береді.

7. Таеквондо технология жетістіктерін ұштастырып, дамып келе жатқан спорт түрі. Бүгінде ұпайдың басым бөлігі бас пен кеудедегі арнайы протекторлар арқылы есептеледі. Ал Париж Олимпиадасы кезінде даулы сәтттің бейне қайталаулары алдыңғы жарыстармен салыстырғанда жылдам әрі анық көрсетіліп, төреші шешім қабылдап жатты.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес