21.10.2022 | invalid

Бокстан Азия чемпионатына қатысатын Қазақстан әйелдер құрамасы белгілі болды

Биылғы бокс күнтізбесіндегі басты оқиғалардың бірі – Амманда өтетін XXXII Азия чемпионаты. Иордания астанасында құрлықтың үздік былғары қолғап шеберлері 30 қазан мен 13 қараша аралығында кім мықтыны анықтайды. Жарыста ерлер 13, әйелдер 12 салмақта сынға түседі.

Сары құрлық додасын әдеттегідей Азия бокс конфедерациясы (ASBC) Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) ережелерін негізге ала отырып, ұйымдастырады.

Қазір Қазақстан әйелдер құрамасы Амманда қорытынды оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Мұнда Шәміл Сафиуллин шәкірттерінен бөлек, Филиппин мен Иордания боксшылары дайындығын пысықтап жүр. Назарларыңызға ел намысын қорғайтын шаршы алаң шеберлерін ұсынамыз:

48 кг – Алуа Балқыбекова, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Азия чемпионы (2021 ж), Әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2022 ж). Алматы қаласының өкілі. Жеке бапкері – Долкунжан Камеков.

50 кг – Назым Қызайбай, ҚР-ның еңбек сіңірген спорт шебері, Азия чемпионы (2021 ж), екі дүркін Әлем чемпионы. Алматы қаласының өкілі. Жеке бапкері – Долкунжан Камеков.

52 кг – Жазира Орақбаева, спорт шебері, жастар арасындағы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Алматы қаласының өкілі. Жеке бапкері – Долкунжан Камеков.

54 кг – Жайна Шекербекова, ҚР-ның еңбек сіңірген спорт шебері, Азия ойындарының финалисі, Әлем чемпионатының қола жүлдегері (2022 ж). Шымкент қаласының өкілі. Жеке бапкері – Шәміл Сафиуллин.

57 кг – Карина Ибрагимова, ҚР-ның еңбек сіңірген спорт шебері, Әлем чемпионатының қола жүлдегері (2022 ж). Ақмола облысының өкілі. Жеке бапкері – А.Высоцкий.

60 кг – Римма Волосенко, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионы (2021 ж). Астана қаласының өкілі. Жеке бапкері – Б.Маржықпаев.

63 кг – Аида Әбікеева, спорт шебері, Қазақстан чемпионы (2021 ж). Астана қаласының өкілі. Жеке бапкері – Қайрат Манашев.

66 кг – Мадина Нұршаева, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР Спартакиадасының жеңімпазы, Азия чемпионы. Шымкент қаласының өкілі. Жеке бапкері – Н.Сафиуллин.

70 кг – Дариға Шәкімова, ҚР-ның еңбек сіңірген спорт шебері, Азия чемпионы, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері. Алматы қаласының өкілі. Жеке бапкері – Вадим Присяжнюк.

75 кг – Валентина Хальзова, ҚР-ның еңбек сіңірген спорт шебері, Әлем чемпионы (2016 ж), Азия чемпионы (2021 ж), Әлем чемпионатының қола жүлдегері (2022 ж). Астана қаласының өкілі. Жеке бапкері – Б.Әбдірахманов.

81 кг – Гүлсая Ержан, спорт шебері, жастар арасында Азия чемпионатының финалисі, ел біріншілігінің күміс жүлдегері. Қызылорда қаласының өкілі.  Жеке бапкері – Б.Құлбаев.

+ 81 кг – Ләззат Күнгейбаева, ҚР-ның еңбек сіңірген спорт шебері, Әлем және Азия чемпионы. Астана қаласының өкілі. Жеке бапкері – Б.Маржықпаев.

«Амманда бізді ауқымды жұмыс күтіп тұр. Бұл Олимпиадаға алғашқы қадам десек те болады. Біз мұнда келесі жылы Қытайда өтетін жазғы Азия ойындарындағы негізгі қарсыластарымызды білмекпіз. Өздеріңіз білетіндей, 4 жылда бір келетін құрлық додасында боксшылар тек Олимпиада бағдарламасына кіретін салмақтарда ғана сынға түседі. Сондықтан, Париж Олимпиадасына жолдама алу үшін жақсы нәтиже көрсетуіміз керек. Құрамадағы кез келген боксшы Азия чемпионатының алтын медалі үшін таласуға тас түйін дайын. Биыл жоспарлаған барлық оқу-жаттығу жиыны мен жарыстарды сәтті өткіздік. Осы тұста Спорт және дене шынықтыру істері комитетіне, Спортты дамыту дирекциясына, Қазақстан бокс федерациясының басшылығына зор алғыс айтамын. Біздің бірлесе атқарған жұмысымыз жемісті болады деп сенемін»,-деді Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері Шәміл Сафиуллин.

Аммандағы Азия чемпионатына қатысатын еліміздің ерлер құрамасы әлі толық анықталған жоқ. 24-25 қазанда шешуші спаррингтер өтіп, әзірге талас қызып тұрған – 63,5 пен 75 келіде кімнің жұдырықтасатыны белгілі болмақ. Ал Сәкен Бибосынов, Махмұд Сабырхан, Серік Теміржанов пен Қамшыбек Қоңқабаев сынды бокс әлемінің беткеұстарлары 2022 жылды жоғары көрсеткішпен тәмамдауға тырысады.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес