04.07.2025 | 10:56

«ДАРЫН» МЕМЛЕКЕТТІК ЖАСТАР СЫЙЛЫҒЫНА БАЙҚАУ ЖАРИЯЛАНДЫ

Конкурсқа қатысуға құжаттар биылғы 26 маусымнан 27 тамыз аралығында (қоса алғанда) ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі (қағаз нұсқа) мына мекенжайда қабылданады – Астана қаласы, Мәңгілік ел даңғылы 8, «Министрліктер үйі» ғимаратының 14-кіреберісінде, ал (электронды нұсқа) premiya.daryn@mki.gov.kz поштасы арқылы. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы – ғылым, шығармашылық, қоғамдық қызмет салаларында жемiстi еңбегімен көзге түскен, сондай-ақ жоғары спорт жетістіктері үшін дарынды жастарды мемлекет тарапынан қолдау мақсатында ұсынылады.

Байқау «Әдебиет», «Ғылым», «Дизайн және бейнелеу өнері», «Журналистика», «Классикалық музыка», «Қоғамдық қызмет», «Спорт», «Театр және кино», «Эстрада», «Халық шығармашылығы» атты 10 номинация бойынша өтеді.

Сыйлық алуға халықаралық және республикалық конкурстардың, фестивальдар мен түрлі іс-шаралардың лауреаттары, республикалық және халықаралық деңгейлердегі спорт жарыстарының жүлдегерлері мен жеңімпаздары, сондай-ақ қызметі инновация саналатын және тиісті сала мен тұтастай қоғамды дамытуға ықпал еткен Қазақстан Республикасының 35 жасқа дейінгі азаматтары үміткер бола алады.

«Дарын» жастар сыйлығын алуға кандидатураларды орталық, жергiлiктi және өзге де мемлекеттік органдар, қоғамдық бiрлестiктер және Қазақстан аумағында тіркелген өзге де заңды тұлғалар жүргізеді және мынадай құжаттарды қағаз және электронды түрде жібереді:

1) кандидаттың жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

2) осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын алуға арналған тіркеу өтінімі;

3) өтініш хат пен сыйлық алуға ізденушінің жетістіктері туралы анықтама;

4) марапаттау дипломдарының, грамоталардың, алғыс хаттардың көшірмелері (болған жағдайда);

5) кандидаттың немесе кандидат туралы мақалалардың, жарияланымдардың көшірмелері (болған жағдайда);

6) банк шотының бар екені туралы анықтаманың көшірмесі;

7) кандидаттың жетістіктерін растайтын материалдар (болған жағдайда).

Жеңімпаздарға «Дарын мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты» атағы беріледі және олар диплом, төсбелгі сондай-ақ қаржылай сыйлық алады.

«Дарын» жастар сыйлығы 1992 жылы тағайындалған. Әр жылдары аталған сыйлықты түрлі саладағы 360-дан астам азамат иеленген. Анықтама телефондары: 8 (7172) 74-05-25, 8 (7172) 74-18-43, 8 701 170 46 54 (жұмыс күндері, сағ. 9:00-ден 18:30-ға дейін).

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес