22.10.2022 | invalid

Дәулет Ергеш финалда грузин балуанына есе жіберді

Дәулет Ергеш Испанияның Понтеведра қаласында өтіп жатқан 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы Әлем  чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Қазақстандық еркін күрес шебері (79 кг дейін) финалда грузин Владимир Гамкрелидзеден жеңіліп қалды. Есеп 3:5.

Кеше қазақ балуаны 1/8 кезеңде пуэрто-рикалық Тони Фрэнсис Негронды, сосын украин Валентин Бабийді сенімді жеңді. Ал жартылай финалда америкалық Картер Альфонс Староччиден 8:7 есебімен басым түсті.

Айта кетейік, Дәулет Ергеш жуырда Алматыда ашылған жаттығу орталығының спортшысы. Ол Жамбыл облысы, Меркі ауданының тумасы. Дәулет – 23 жасқа дейінгі жастар арасында  ҚР чемпионатының жеңімпазы, 23 жасқа дейінгі жастар арасында  Азия чемпионатының күміс жүлдегері.

Сәл ертеректе тағы біз Ұлттық құрама өкілі Адлан Асқаров (65 кг дейін) қола медаль үшін жапон Рема Анракумен күресіп, ұтылып қалды. Тартысты өткен жекпе-жек 7:7 есебімен аяқталды.

Адлан іріктеуде молдовалық Константин Кириловты, филиппиндік Джо Фер Калладоны, сосын ширек финалда тартысты белдесуде америкалық Коул Рид Мэтьюздан айласын асырды (6:4). Бірақ жартылай финалда Вазген Теванянға есе жіберді. Есеп 7:6.

Адлан да Алматы қаласындағы жаттығу орталығында дайындалады. Жамбыл ауданының тумасы 23 жасқа дейінгі жастар арасында Қазақстан чемпионатында топ жарып, 23 жасқа дейінгі жастар арасында Азия чемпионатында күміс медальге қол жеткізген.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес