17.12.2022 | invalid
Бөлісу:
Денис Никиша Алматыдағы 2-медаліне қол жеткізді
Алматыда шорт-тректен Әлем Кубогы 4-кезеңі өтіп жатыр. Бүгін 2-жарыс күні 500 метрге жарыста Денис Никиша қола жүлдеге ие болды. Бұл Денистің Алматыдағы 2-жүлдесі. Алдыңғы аптадағы 3-кезеңде ол осы 500 метрде 2-орын алған.
Бұл қашықтықта Дайан Селье топ жарып, Польшаға Әлем Кубогының алғашқы алтынын сыйлады. Күміс канадалық Стивен Дюбуаның еншісінде кетті.
Әйелдер арасында ең қысқа қашықтықта нидерландтық Сюзанне Схюлтинг тағы топ жарды. Ол 3-кезеңде де 500 метрге алтын алған. Польяк Наталья Малишевска күміс, тағы бір нидерландтық Яра ван Керхоф қола жүлдегер атанды.
Қазақстан әйелдер құрамасының алғашқы финалы
Бәрін айт та, бірін айт, бүгін еліміздің әйелдер құрамасы 3 мың метр эстафетада алғаш рет финалға шықты. Олар жартылай финалда Мажарстаннан кейін мәре сызығын қиды. Ертең біздің құрама Оңтүстік Корея, Канада, Польша және Мажарстанмен бірге жүлдеге таласады. Бұған дейін біздің әйелдер құрамамыз В тобының финалынан ары аса алмай келген.
Сондай-ақ бүгін 1500 метрде бақ сынаған Нұртілек Қажығали мен Әділ Ғалиахметов жүлде үшін таласа алмады. Қос қазақстандық В финалымен шектелді. Финалда оңтүстік кореялық Жи Вон Парк мәреге бірінші келсе, бельгиялық Стейн Десмет күміс, Гён Хван Хонг қола жүлдені мойнына тақты.
Әйелдер арасында (1500 м) канадалық Кортни Саро Алматыда осы қашықтықта 2-рет жеңімпаз атанса, бельгиялық Ханне Десмет 2-ші, кореялық Сук Хи Шим 3-орыннан көрінді.
Аралас эстафетада (2 км) Оңтүстік Кореяға тең келер құрама табылмады. Одан кейінгі сатыға Бельгия мен Польша жайғасты.
Ертең Әлем Кубогының 4-кезеңі мәресіне жетеді. Шорт-трекшілер 500 және 1000 метрге жарысып, ерлер мен әйелдер құрамасы командалық сайыста үздіктерді анықтайды.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:
Таңдаулы жаңалықтар
Барлық жаңалықДЕНИС НИКИША: «ЕРТЕҢГІ ЖАРЫС МЕН ҮШІН ОДАН ДА МАҢЫЗДЫ»