18.12.2022 | 18:43
Бөлісу:
Денис Никиша жылды алтын жүлдемен аяқтап, сүйгеніне сөз салды
Бүгін Алматы қаласындағы «Халық Арена» мәдениет және спорт сарайында шорт-тректен Әлем Кубогының 4-кезеңі аяқталды.
Апта бұрын дәл осы кешен 3-кезеңді де қабылдаған. Қазақстан құрамасы осы 2 бәсекеде 3 жүлдеге (бір алтын, бір күміс, бір қола) қол жеткізді. Барлық медальді Денис Никиша 500 метрге жарыста жеңіп алды. Бүгін Денис жарты шақырымды 41.850 секундта жүгіріп өтті. Оңтүстік Корея шорт-трекшісі күміс, бельгиялық қолаға ие болды.
Сондай-ақ еліміздің әйелдер құрамасы 3 мың метр эстафетада алғаш рет финалда өнер көрсетті. Алайда Яна Хан, Ольга Тихонова, Мадина Жанбусинова мен Малика Ермек шешуші сында жүлдеге бір табан жетпей сүрінді. Олар Оңтүстік Корея, Канада мен Мажарстаннан кейін мәре сызығын қиды.
Соңғы жарыс күні жанкүйерлерді таңғалдырған, әрі қуантқан қазақстандық шорт-трекшінің бірі – Еркебұлан Шамұханов. Ол мың метрге жарыста финалға шығып, жүлде үшін таласқа түскен. Алайда бірнеше айналым қалғанда құлап қалып, мәреге 5-ші болып келді. Бұл қашықтықта ңтүстік кореялық Жи Вон Парк жеңіске жетті. Ол кеше 1500 метрде ешкімге дес бермеген еді. Күміс канадалық Стивен Дюбуаның еншісінде. Стивен кеше 500 метрде де күміс алған. Үздік үшіткті латвиялық Робертс Крузбергс түйіндеді.
Барлық қашықтықтағы нәтижені мына жерден көре аласыздар.
ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАНЫҢ ҚОРЖЫНЫНДА 7 МЕДАЛЬ
Осымен шорт-трекшілер үшін биылғы маусым аяқталды. Әлем Кубогының қалған 2 кезеңін 2023 жылы Дрезден (Германия, 3-5 ақпан) мен Дордрехт (Нидерланд, 10-12 ақпан) қабылдайды. Сосын көктемде Әлем чемпионаты өтеді. Қазақстан құрамасы осы 4 кезеңде барлығы 7 жүлдеге қол жеткізді. Монреальда (Канада) өткен Әлем Кубогының алғашқы кезеңінде ерлер құрамасы 5 шақырым эстафетада күміс жүлдегер атанған. Ал Солт-Лейк-Ситидегі (АҚШ) 2-кезеңде Ұлттық құрамаға 3 жүлде бұйырды. Әуелі Абзал Ажғалиев 500 метрде мәреге 2-болып келген. Ертесіне Денис Никиша да 500 метрге жарыста күміс жүлдегер атанды. Әділ Ғалиахметов мың метрге жарыста үздік үштікті түйіндеді. Қоржынымызға көптен бері түспей жүрген алтын медальді бүгін Денис Никиша сыйлады. Тағы Алматыда ол күміс пен қола жүлдені де мойнына тақты.
ДЕНИС ДЕГЕНІНЕ ЖЕТТІ
Жалпы Денис үшін Әлем Кубогы сәтті өтіп жатыр. 27 жастағы атлеттің бір өзі еншімізге 1 алтын, 3 күміс және 1 қола медаль салды. Бүгін мақсатына жетіп, топ жарған соң ол «Халық Аренада» жанкүйерлердің көз алдында сүйгеніне сөз салды.
«Сөз салуды 3-кезең басталмай жатып ойлағанмын. Бірақ Ұлттық құрамадағы әріптестеріме айтпадым. Ойлана келе соңғы жарыс күніне қалдырдым. Бүгін алтын медаль алмасам, 5 шақырымдық эстафетадан соң сөз салар едім. Сәтін салып, жеңісіммен қатар келді. Ол (болашақ әйелі) кәсіби спортшы болмаса да менімен бірге. Үнемі мені қолдап жүреді»,-деп айтты.
Денис Никишаның жеңісінен соң аренада 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне арнап үлкен Мемлекеттік Ту түсірілді.
5 ЖЫЛҒА СОЗЫЛҒАН СЕРИЯҒА НҮКТЕ ҚОЙЫЛДЫ
Ұлттық құраманың бас бапкері Нұрберген Жұмағазиев жылдың соңғы жарысын қорытындылай келе, былай деді:
«Биылғы 4 кезеңдегі 7 медаль біздің құраманың қазіргі деңгейінің көрінісі. Алға қойған жоспарды кезең-кезеңімен орындап келеміз. Сонау 2017 жылдан бері шорт-трекшілеріміз Әлем Кубогы кезеңінде алтын алмаған. Бүгін Денис сол серияға нүкте қойды. Финалға құрған тактикамыз өз жемісін берді. Енді демалыстан соң қалған 2 кезеңде дайындаламыз. Сосын Әлем чемпионаты бар. Бізге әлі күнге дейін әлем чемпионатында жүлде бұйырмай келеді. Келесі жылы алғашқы жүлдеге қол жеткізсек дейміз»,-деді бас бапкер.
Суреттердің авторы - Сали Сабиров.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:
Таңдаулы жаңалықтар
Барлық жаңалықДЕНИС НИКИША: «ЕРТЕҢГІ ЖАРЫС МЕН ҮШІН ОДАН ДА МАҢЫЗДЫ»