16.07.2026 | 21:08

ДИНАРА СӘДУАҚАСОВА ЖАС ШАХМАТШЫЛАРҒА АРНАЛҒАН АТАУЛЫ СТИПЕНДИЯ ТАҒАЙЫНДАДЫ

Қазақстанның жетекші шахматшыларының бірі Динара Сәдуақасова дарынды балаларды қолдауға бағытталған өзінің қайырымдылық стипендиялық бағдарламасын іске қосқанын жариялады. Бұл бастама жыл сайын 20 шілдеде атап өтілетін Халықаралық шахмат күніне орай ұйымдастырылып отыр.

Атаулы стипендияның алғашқы иегері Атырау облысының 9 жастағы жас шахматшысы Ермұхан Саламат атанды. Болашағынан зор үміт күттіретін спортшыға 1 200 000 теңге көлемінде нысаналы грант тағайындалды. Оның аясында жас шахматшы бір жыл бойы ай сайын 100 000 теңге көлемінде шәкіртақы алып, жаттығу процесіне толықтай көңіл бөліп, жарыстарға қатысуына және спорттық шеберлігін шыңдауына мүмкіндік алады.

Динара Сәдуақасованың айтуынша, Ермұхан жоғары аналитикалық қабілетімен және үлкен спорттық әлеуетімен ерекшеленеді. Алайда өңірлердегі көптеген дарынды балалар секілді оның да халықаралық және республикалық турнирлерге қатысуы, оқу-жаттығу жиындарынан өтуі және тәжірибелі бапкерлермен жұмыс істеуі үшін демеушілік қолдау қажет.

«Қазақстанда шахматқа деген қызығушылық жылдан-жылға артып келеді. Бірақ болашақ чемпиондар тек Астана мен Алматыда ғана тәрбиеленбейді. Еліміздің барлық өңірлерінде дарынды балалар көп. Өкінішке қарай, олардың қабілетін толық ашуға көбіне бастапқы мүмкіндіктің жетіспеуі кедергі болады. Әсіресе балалар спортында сапалы жаттықтырушылармен жұмыс істеу, жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарына қатысу айтарлықтай қаржыны талап етеді. Бұл стипендия таланты мен жігері бар, бірақ мүмкіндігі шектеулі жас спортшыларға нақты қолдау көрсетуді мақсат етеді», – деді Динара Сәдуақасова.

Гроссмейстердің айтуынша, бұл бастама бір ғана шәкіртақымен шектелмейді. Алдағы уақытта атаулы стипендия Қазақстанның әр өңіріндегі өзге де дарынды жас шахматшыларға табысталатын болады.

Динара Сәдуақасова – Қазақстанның ең атақты шахматшыларының бірі. Ол жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы, әйелдер арасындағы рапидтен әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионы. Сонымен қатар халықаралық әйелдер гроссмейстері, ерлер арасындағы халықаралық спорт шебері және ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы ізгі ниет елшісі.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес