29.05.2023 | 15:08
Бөлісу:
Эльдар Бірімбай мен Мария Севостьянова 2-айналымда сүрінді
Бүгін Әзірбайжан Республикасының астанасы Бакуде таеквондодан әлем чемпионаты басталды. Биылғы бәсекеге 145 елден 950-ден астам таңдаулы спортшы жиналды. Олар алғашқы жарыс күні Олимпиада бағдарламасына кіретін екі салмақта сынға түсіп жатыр. Ұлттық құрама спортшылары – Эльдар Бірімбай (68 кг) мен Мария Севостьянова (57 кг) жарысты 2-айналымда аяқтады.
Мария 1-айналымда чехиялық Хана Флегрованы сенімді ұтқан. Осыдан кейін тартысты жекпе-жекте тәжірибелі бразилиялық Мария Клара Лимаға жол берді. 17 жастағы отандасымыз Ұлттық құрама сапына биыл қосылды. Былтыр жастар арасындағы Азия және Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері атанған. Биыл рейтингтік турнир – Словения ашық чемпионатында топ жарған. Бұл оның ересектер арасындағы алғашқы ірі жарысы.
Эльдар Бакудегі алғашқы жекпе-жегінде габондық Амар Мұсаны айқын басымдықпен жеңді (2:0). Алайда келесі кезеңде Париж Гран-приінің жеңімпазы, әлем рейтингінде 5-орында тұрған испаниялық Хавьер Перез Полоның мықты екенін мойындады.
«Осымен екінші рет әлем чемпионатына қатысып тұрмын. Манчестерде (2019 жылғы – ред) ширек финалда ұтылғанмын. Осы жолы жүлде аламын деп келдім. Дайындығым жақсы болды. Тек жекпе-жектерде бар білгенімді көрсете алмадым. Бар қателік өзімнен кетті»,-деп айтты жекпе-жектен кейін Эльдар Бірімбай.
Айта кетейік, Бакуде таеквондодан XXVI әлем чемпионаты бастау алды. Биылғы дода Халықаралық таеквондо федерацясының 50 жылдығымен тұспа-тұс келіп тұр. Алдағы аптада мұнда Париж Олимпиадасына қажет ұпайлар сарапқа салынады. Бұл спортта рейтингі ең жоғары бәсеке – Олимпия ойындары (G20). Одан кейін әлем чемпионаты (G14), Гран-придің финалы (G10) мен Гран-при санатындағы жарыстар (G6) тұр.
Қазақстандық таеквондошылардың нәтижесіне шолу
Біздің даянг шеберлеріміз тәуелсіздік жылдары әлем чемпионатында барлығы 8 қола медальге қол жеткізген. Жүлдегерлер: Қайрат Сарымсақов (2019 бен 2017 жылы), Арман Шылманов (2009 жылы), Аслан Батықұлов, Арман Шылманов, Назгүл Тәжіғұлова (2007 жылы), Лия Нуркина (2003 жылы), Әділхан Сағындықов (1999 жылы).
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:
Таңдаулы жаңалықтар
Барлық жаңалықМЕМЛЕКЕТТІК ЖАТТЫҚТЫРУШЫ ЖОБАСЫ: АРМАН ШЫЛМАНОВ
ТАЕКВОНДОДАН ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫНА 2 КҮН ҚАЛДЫ