28.01.2023 | 17:18

Елена Рыбакина Аустралия ашық чемпионатының финалында Арина Соболенкоға есе жіберді

Теннистен Ұлттық құрама көшбасшысы Елена Рыбакина WTA рейтингінде 5-орында тұрған Арина Соболенкодан жеңіліп қалды. Беларусь спортшысы Мельбурнде алғаш рет Үлкен Дулыға санатындағы турнирде топ жарды. Есеп: 6:4, 3:6, 4:6.  

«Род Лейвер Аренада» өткен матч 2 сағат, 28 минутқа созылды. Арина финалға дейін қарсыласына бірде-бір сетте жеңілмеген-тұғын. Ал Елена ақтық кездесуге дейін тек америкалық Даниэль Коллинзден бір партияда ұтылып қалған.

Екі теннисші де оңқай және жасы да, бойы да шамалас. Бүгін Елена Аустралия ашық чемпионатында алғаш рет кешкі сессияда кортқа шықты. Осыған дейін ол тек күндіз өнер көрсетті.

Кездесудің статистикасы:

 

Соболенко

Рыбакина

Эйстер

 18

 9

Қосарлы қателер

 7

 1

Брейктер

 3

 2

Виннерлер

 51

 31

Күтпеген қателіктер

 28

 25

Жеңіп алған ұпайлар саны

 110

 103

 
 
ЕЛЕНАНЫҢ ЖАРҚЫН ЖЕТІСТІГІ

Осы бәсекеге дейін WTA рейтингінде 25-орында тұрған Елена Рыбакина – Үлкен Дулыға санатындағы екі бәсекенің (Уимблдон мен Аустралия ашық чемпионаты) финалына шыққан тұңғыш қазақстандық теннисші. Келер аптада ол 10-орынға көтеріледі. Бұған дейін жекелей сында қазақстандық теннисшілер үздік ондыққа кірмеген еді.

Сондай-ақ қазақстандық ойыншы Аустралияда Үлкен дулыға санатындағы бәсекелердің 3 жеңімпазын (Ига Швентек, Елена Остапенко, Виктория Азаренко) жеңген санаулы теннисшінің бірі. Еленаға дейін мұндай көрсеткішті 2001 жылы Барселона Олимпиадасының чемпионы америкалық Дженифер Каприати тіркеген.

Елена Рыбакинаны қолдауға барған қазақстандық жанкүйерлер.

АРИНА ЕЛЕНА ҮШІН ЫҢҒАЙСЫЗ ҚАРСЫЛАС

Бүгін Елена Рыбакина мен Арина Соболенко 4-рет өзара кездесті. Осыған дейін 3 сетке созылған барлық матчта Беларусь теннисшісінің жолы болған.

2019 жыл, Ухань: Үздік 50 теннисшінің қатарына қосылған Елена Қытайдағы WTA 1000 санатындағы турнирге жолдама алған. Екінші айналымда тунистік Онс Жаберді, сосын Симона Халепті жеңген қазақстандықты Арина Соболенко тоқтатты. Үш партияға жалғасқан сол ойынға дейін Беларусь спортшысы бірде-бір сетте жеңілмей келе жатқан еді.

2021 жыл, Абу-Даби: Бұл жолы екі теннисші Абу-Дабидегі доданың ширек финалында жолықты. Өкінішке қарай, мұнда да Соболенко отандасымызға мүмкіндік бермей, кейіннен Абу-Дабидегі турнирде 3-рет топ жарды. Бұл жолы да Рыбакина Аринаны бір сетте жеңген жалғыз қарсылас болып қалды. 

2021 жыл, Уимблдон: Бір апта бұрын Париждегі тунирде Серена Уильямсты жеңіп, ширек финалға дейін жеткен Елена Рыбакина үшін бұл Уимблдонның алғашқы негізі кезеңі болатын. Рейтинге 4-орынға дейін көтерілген Арина 1/8 кезеңде 3 сетке созылған кездесуде Еленаның осал тұсын тапты (6-3, 4-6, 6-3).

Осыған дейін Елена Рыбакина Аустралия чемпионатының іріктеуінде әуелі Элизабетта Кокчиареттоны, сосын словениялық жас теннисші Кайи Юванды жеңген. Сосын, осы бәсекенің былтырғы финалисі – америкалық Даниэль Коллинз бен әлемнің 1-ракеткасы Ига Швентекті ұтты. Ширек финалда латвиялық Елена Остапенкодан, жартылай финалда Виктория Азаренкодан басым түскен.

Айта кетейік, биылғы Australian Open-нің жалпы жүлде қоры 76.5 миллион Аустралия доллары. Жеңімпаз 2,975,000, ал 2-орын алған теннисші 1,625,000 Аустралия долларын алады.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес