11.04.2023 | 22:10

Эльмира Сыздықова Азия чемпионатында топ жарса, Марина Седнева мен Елена Шалыгина үштікті түйіндеді

Бүгін Астанада өтіп жатқан күрестен Азия чемпионатының 3-жарыс күні бозкілемге әйелдер шықты. Жүлде сарапқа салынған 5 салмақтың үшеуінде Ұлттық құрама өкілдеріне жүлде бұйырды.

Аса ауыр салмақта сынға түсетін (76 кг) Эльмира Сыздықова қырғызстандық Айпері Медетқызын таза ұтып, 2 дүркін Азия чемпионы атанды. Отандасымыз сары құрлық бәсекесін ширек финалдан бастады. Алғашқы белдесуінде өзбекстандық Озода Зарипбаеваны мерзімінен бұрын ұтса, жартылай финалда қытайлық Хуан Вангті ұпай санымен жеңді.

Айта кетейік, Эльмира биыл Францияда өткен халықаралық турнирде және ҚР-ның VI жазғы Спартакиадасында топ жарған. Ол осыған дейін Азия чемпионатында 6 жүлдеге қол жеткізіп үлгерген (1 алтын, 2 күміс, 3 қола).

Қазір 31 жастағы балуан Азия чемпионатында ең көп жүлде жеңіп алған Жұлдыз Ешімоваға жақындап қалды (8 медаль – 1 алтын, 4 күміс пен 3 қола).

Марина Седнева (55 кг) қола жүлде үшін белдесуде Вьетнамнан келген Ти Нгуеннің жауырынын жерге тигізді. Бұл оның құрлық додасындағы 2-қоласы. Марина күндіз ширек финалда үндістандық балуанды ұтқан. Алайда жартылай финалда моңғолиялық Отгонтуя Чинболдтан таза ұтылды.

Тағы бір қазақстандық Елена Шалыгина (68 кг) Азия чемпионатында қола медалі үшін белдесуде Мейірім Жұманазаровадан басым түсті. Былтырғы құрлық бəсекесінің күміс жүлдегері қырғызстандық балуан кездесу басында ауыр жарақат алып, күресе алмаған соң жеңіс қарсыласына берілді.

Шалыгина бүгін күндіз іріктеуде түрікменстандық балуанды сенімді ұтқан. Алайда ширек финалда былтырғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, жапониялық Ами Ишииге жол берді.

Бұл Еленаның Азия чемпионатындағы 6-жүлдесі. Осыған дейін ол 4 финалдың екеуінде ұтып, бір мəрте қола алған. Былтыр Моңғолия астанасында болған сары құрлық додасында бұл салмақта Мадина Бақбергенова алтыннан алқа таққан.

Бүгін қола медаль үшін күрескен қазақстандық Диана Каюмова (59 кг) қырғызстандық Қалмира Білімбекқызының мықты екенін мойындауға мәжбүр болды. Ал ең жеңіл салмақтағы (50 кг) Эллада Махяддинова іріктеуден ары аса алған жоқ. Ертең әйелдер 53, 57, 62, 65 және 72 келі салмақтағы үздіктерді анықтайды. 

Бүгін Қазақстан грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті, даңқты балуан Дәулет Тұрлыханов елордада Азия чемпионатын ұйымдастыруға атсалысқаны үшін ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбекке, ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосыновқа, Республикалық Спортты дамыту дирекциясының директоры Оралбай Жақсымбетовке ризашылығын білдіріп, Алғыс хат табыстады.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес