26.01.2025 | 13:53

ЭЛЬМИРА СЫЗДЫҚОВА ИВАН ЯРЫГИН МЕМОРИАЛЫНДА ТАҒЫ ТОП ЖАРДЫ

Ресейдің Красноярск қаласында өтіп жатқан Иван Ярыгин мемориалында әйелдер күресінен біздің палуандар 1 алтын, 1 күміс және 1 қола жүлдеге қол жеткізді, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Эльмира Сыздықова (76 кг) финалда әлем чемпионатының күміс жүлдегері Энх-Амарын Даванасанды (72 кг, Моңғолия) жықты.

Кеше Сыздықова Лилия Нуралиеваны, Дарья Баландина, жартылай финалда Ольга Козырёваны (бәрі Ресей) айқын басымдықпен жеңген.

Айта кетейік, Эльмира осы турнирде 2016 жылы (69 кг) және 2022 жылы (76 кг) алтыннан алқа таққан. Тағы 2019 жылы қола медаль жеңіп алған.

Ал 62 кг дейінгі салмақтағы Виктория Хусаинова финалда қарсыласы Вероника Ивановаға (Беларусь) есе жіберіп, күміс жүлдегер атанды. Белдесудің есебі: 4-7.

Осы салмақтағы тағы бір отандасымыз Тыныс Дүбек үздік үштікті түйіндеді. Тыныс жүлде жолында ресейлік Ольга Яценкодан жеңіліп жатып (0-3), жеңісті жұлып алды (4-3).

Қола медаль үшін күрескен тағы бір спортшымыз Шәмшиябану Тастанбек ресейлік Вусала Парфиновичтен ұтылып қалды.

Фото: UWW .

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес