23.01.2023 | invalid

Елорадада Astana Meeting World Indoor Tour турнирі аяқталды

Бүгін Астана қаласында алғаш рет күміс деңгейдегі Astana Meeting World indoor tour мәресіне жетті. ТМД елдері арасында алғаш рет Қазақстанда өткен бәсекеге жеңіл атлетиканың 10 түрінен 100-ге жуық атлет жиналды.

Ерлер арасында 60 метрге кедергілер арқылы жүгіруде кубалық Роджерс Ирибарн (7.62 секунд) топ жарды. Небәрі милисекунд қалып кеткен  отандасымыз Давид Ефремовты (7.65 сек) күміс жүлдеге ие болды. Турнирдің іріктеуінде Давид Ефремов 7,62 секунд нәтижесімен Қазақстан рекордын жаңартқан. Ерлер арасында 400 метрге жүгіруде отандастарымыз Михаил Литвин 46.41 нәтижесімен 1-орын, Андрей Соколов 46.74 секунд нәтижесімен 2-орын иеленсе, бразилиялық Александр Руссо (47.70 секунд) мәре сызығын 3-болып кесті.

Әйелдер арасында 60 метрге жүгіруде отандасымыз Ольга Сафронова (7.30 сек) португалиялық Ариалис Гандуллаға (7.18 сек) есе жіберіп мәре сызығына екінші болып келді. Үшінші орынға аустралиялық Магдалена Линдер (7.43 сек) жайғасты. Әйелдер арасында ұзындыққа секіруде өзбекстандық Дарья Резниченко 6.32 метр нәтижесімен топ жарды. Отандастарымыз Анастасия Рыпакова (5.89) нәтижесімен 2-орын, Алина Чистякова (5.84) 3-орынға тұрақтады.

Ерлер арасында 800 метрге жүгіруде хорватиялық Марино Блудекке (1:48.23) тең керлер ешкім табылмады. Кениялық Николас Киплангат 1:48.31 нәтижесімен 2-орынға, ал 3-орынға словениялық Жан Вукович (1:48.72) ие болды.

Сондай-ақ 1500 метрге жарыста Джаринтер Мвасья (Кения) топ жарса, Хирут Мешеша (Эфиопия) мен Камила Гомес (Португалия) қалған жүлдені өзара бөлісті.

Турнирдің ең тартысты додасының бірі әйелдер арасында биікке секіру болды. Мұнда барлық медаль Ұлттық құрама спортшыларына бұйырды.

Надежда Дубовицая (1.93 метр) – І орын;

Кристина Овчинникова (1.89 метр) – ІІ орын

Елизавета Матвеева (1.89 метр) – ІІІ орын.

Әйелдер арасында 400 метрге жүгіруде Элина Михина (55.14 сек) алтын алса, Александра Залюбовская (55.28) мен Кристина Кондрашова (55.87 сек) одан кейін тұғырға көтерілді.

Ерлер арасында 60 метрге жүгіруде америкалық Макл Роджерс топ жарды. Ол аталған қашықтықты 6.664 секунд ішінде жүгіріп өтті. Екінші орынға тағы бір АҚШ спортшысы Демек Кемп (6.665) жайғасты. Бұл спортшылардың нәтижесін секундтың мыңнан бір бөлігі бөліп тұр. Үздік үштікті португалиялық Фредерико Курвело түйіндеді.

Ерлер арасында 3000 метрде эфиопиялық Әли Абдилмана (7:52.43) топ жарды. Ұлыбританиялық Александр Джордж (8:07.55) күміс, қазақстандық Алексей Гусаров (8:27.10) қола медаль иеленді.

Ресми ашылу кезінде ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов турнир еліміздегі жеңіл атлетиканың дамуына серпін беретініне тоқталып өтті.

«Бүгінгі жарысқа әлемнің 15 елінен спортшылар қатысатындығы айтылды. Бұл дегеніміз, жеңіл атлетиканың ғана мерекесі емес, жалпы елдер арасындағы ынтымақтастықтың да туын биіктететін іс-шара деп ойлаймын», -деді Асхат Оралов.

Ал еліміздің жеңіл атлетика федерациясының Президенті Даниал Ахметов былай деді: «Он бес ел спортшылары бүгін алғаш рет елімізде өтетін Astana Silver Grand Prix Meeting турниріне қатысу үшін Астанаға арнайы келді. Қазақстан Республикасы биыл АҚШ, Германия, Франция, Сербия, Словакия, Чехия мемлекеттерімен бірге жеңіл атлетика сериясының күміс деңгейін ұйымдастырушылар құрамында».

Айта кетейік, жарыс Қазақстан жеңіл атлетка федерациясының YouTube арнасында және Қазспорт телеарнасында тікелей эфирде көрсетілді.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес