03.07.2022 | invalid

«Елорда кубогі»: чемпиондыққа соңғы қадам

«Елорда кубогі» халықаралық турнирі шарықтау шегіне жақындап қалды. 4 шілдеде финалдық жекпе-жектер өтіп, ерлер арасында 13 чемпион, қыздар арасында 12 чемпион анықталады. Ал турнир Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтіп жатыр.

Ерлер арасында Қазақстанның 54 боксшысы сынға түскен болатын. Соның 16-сы финалға жолдама алды. Тіпті, кейбір салмақ дәрежелерінде Қайрат Сәтжанов шәкірттері финалға берілер жолдамаларды өзара сарапқа салуға мәжбүр болды. Осылайша көшбасшы боксшыларымыздың нағыз бабында екендіктері қуантты. Бұл жерлерде Әлем чемпионатының финалистері – Теміртас Жүсіпов, Сәкен Бибосынов, Махмұд Сабырхан сынды саңлақтарымызды ерекше атап өткен жөн. Енді олар «Елорда кубогінің» чемпиондық атақтарын Қытай, Куба, Өзбекстан боксшыларына қарсы айқаста сарапқа салады. Айта кетейік, жартылай финал күні Қазақстан әуесқой боксының қазіргі таңдағы жарқын жұлдызы Сәкен Бибосынов 25 жасқа толды.

Сонымен қатар, жартылай финалға ағайынды-егіздер Саматәлі мен Санатәлі Төлтаевтар және Айбек, Нұрбек Оралбайдар да шықты. Ал финалдағы ең қызықты жекпе-жектердің бірі 71 келі салмақ дәрежесінде өтуге тиіс деп топшыланып отыр. Мұнда жерлесіміз Аслан Шымбергенов Әлем чемпионы, жапон Севон Оказавамен айқасады.

Әйелдер боксына келер болсақ, бас бапкер Шәміл Сафиуллин сенім артқан 45 аруымыздың жетеуі бас жүлдеге таласпақ. Мұнда бәсекелестік тіптен жоғары. Елордаға Әлем мықтылары - Қытай мен Үндістан келген. Сондай-ақ, кейінгі кездері көрші Өзбекстан қыздары да қарқын алған.

Біздің қыздар да барын салуда. Әсіресе, Марина Вольнованың ерлігін атап өтпеске болмайды. Қазақстан әйелдер боксынан тұңғыш болып Олимпиада жүлдесін жеңіп алған Марина 75 келіде финалға шықты. Оның ақтық айқастағы қарсыласы - Қытай боксшысы. Одан бөлек, Жайна Шекербекова мен Карина Ибрагимова да үстемдіктерін байқатып, финалға шықты.

Ал финалдағы боксшыларының саны бойынша Қазақстан арулары тек Қытайға жол беріп тұр. Пандемияға байланысты ұзақ уақыт шетелдегі турнирлерге қатыса алмаған олар бұл турнирге ерекше құлшыныспен келіпті. Финалдық жекпе-жектер 4 шілдеде елорда уақытымен сағат 14:00-де басталады. Айта кетейік, халықаралық турнир Самұрық-Қазына акционерлік қоғамы мен SportQory қамқоршылық қорының қолдауымен өткізілді.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес