28.02.2023 | 19:26

Елордалық хоккейшілер ҚР IV қысқы жастар ойындарының жеңімпазы атанды

Бүгін Павлодар қаласында шайбалы хоккейден IV қысқы жастар ойындары аяқталып, үздіктер анықталды. Ұлдар арасында Астана қаласының құрамасы жеңімпаз атанса, Қарағанды облысы күміс, ШҚО хоккейшілері қола жүлдеге ие болды.

Айта кетейік, осыдан бір апта бұрын IV қысқы жастар ойындарының ресми ашылуы дәл осы Кереку өңірінде өткен.

Қысқы жастар спорт ойындарының мақсаты – елімізде қысқы спорт түрлерін дамыту. Барлық бәсекеден соң әр спорт түрінен еліміздің құрамасы жасақталып, алдағы халықаралық ресми жарыстарға, оның ішінде 2024 жылы Оңтүстік Кореяның Канвондо қаласында өтетін қысқы Жасөспірімдер Олимпиадасына баратын спортшылар анықталады. Сондай-ақ 2026 жылғы Милан және Кортина Олимпиада ойындарына қатысатын мықты спортшылар іріктеледі.

Айта кетейік, биылғы кешенді жарыс кезінде 11 спорт түрінен үздіктер анықталмақ. Олар: биатлон, керлинг, конькимен жүгіру, шорт-трек, шаңғы жарыстары, мәнерлеп сырғанау, фристайл-могул және фристайл-акробатика, шайбалы хоккей, шаңғымен тұғырдан секіру.

Төрт жылда бір өтетін кешенді жарыстың шымылдығын шаңғымен тұғырдан секірушілер мен кёрлингшілер ашып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтап қойды. Ел ішілік бәсекенің жабылуы 8 сәуір, сағат 14:00-де Астана қаласында болады.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес