
20.01.2025 | 18:17
Бөлісу:
ЕСЕП БЕРУ КЕЗЕГІ ОЛИМПИАДАЛЫҚ ЕМЕС СПОРТ ТҮРЛЕРІНЕ КЕЛДІ
Бүгін Спортты дамыту дирекциясында бірқатар Олимпиада бағдарламасына кірмейтін спорт түрлерінен есеп беріп, 2025 жылға арналған жоспарын таныстыру өтті, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, белбеу күресі (алыш), панкратион, би спорты, армрестлинг пен гір тасы спорты, шинкиокушинкай каратэ, қоян-қолтық ұрыс, киокушинкай-кан каратэ, аралас жекпе-жек өнерінен мемлекеттік жаттықтырушы, федерация өкілдері мен команда басшылары 2024 жылды қорытындылап, есеп берді.
Спортты дамыту дирекциясы директорының орынбасары Есет Байтасов спорт түрлерінен Ұлттық құрамалардың былтырғы міндеттемелеріне тоқталып, келер маусымдағы халықаралық, республикалық жарыстар кестесіне тоқталды. Сонымен қатар, Есет Қалидоллаұлы кешенді жарыстар бағдарламасына кірген спорттарға жеке тоқталды. Өңірлерде федерацияның аккредиттелген филиалдарының жағдайынан хабардар болды.
«Біз сіздерден әр облыс пен қалада спорт түрімен қанша адам шұғылданатыны жайлы жаңарған дерек пен сараптама сұраттық. Бұл әр спорттың бұқаралық сипатын бағамдауға көмектеседі. Сондай-ақ жекпе-жек түрлеріндегі жарыстарда қауіпсіздік мәселесін қатаң қарастыру керек»,-деді Есет Байтасов MMA-дан Мемлекеттік жаттықтырушы Жанна Кимге.
Айта кетейік, Олимпиадада бағдарламасына кірмейтін қалған спорт түрлерінен есеп беру алдағы күндері де өтеді.
Фото: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: