24.08.2023 | 14:29

Галина Якушева жарыс жолынан шығып қалды

Бүгін жеңіл атлетикадан Будапеште өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстанның намысын Галина Якушева қорғады, деп хабарлайды ҚР МСМ Спортты дамыту дирекциясының баспасөз-қызметі.

Жалпы 35 шақырым спорттық жүрістің жүлдесін 47 спортшы сарапқа салды. Өкінішке қарай, 18 шақырым жүріп өткеннен кейін ШҚО өкілі жарақатына байланысты жарыс жолынан шығып қалып, мәреге жете алмады. Ал чемпион атағын испаниялық Мария Перес жеңіп алды. Бұл оның Будапештегі екінші алтыны. Бұған дейін ол 20 шақырым спорттық жүруде жеңіске жеткен. Күміс жүлдені былтыр АҚШ-та өткен әлем біріншілігінде екі дүркін чемпион атанған (20 және 35 км) перулік Киберли Гарсия иеленді. Үздік үштікті Грекия спортшысы Антигони Дрисбиоти түйіндеді.

Ерлер арасында бұл жарыста испаниялық Альваро Мартин топ жарса, эквадорлық Бриан Пинтадо күміс, жапониялық Масатора Кавано қола медаль иеленді.

Ертең 25 тамызда биіктікке секіруде Надежда Дубовицкая, Кристина Овчинникова және Елизавета Матвеева өз өнерін ортаға салады. Ал 26 тамызда Жанна Мамажанова марафон жүгіреді. Әлем чемпионаты 27 тамызда аяқталады.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес