30.10.2023 | 06:39

Ихсар Құрбаев күміс жүлдегер атанды

Ұлттық құрама палуаны Ихсар Құрбаев Албания астанасында өтіп жатқан әлем чемпионатының финалында Грузия өкілі Георги Токхадзеге есе жіберіп, күміс жүлдеге ие болды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Кеше 23 жасқа дейінгі палуандар арасындағы бәсекеде Ихсар (55 кг) Украина мен Армения спортшысынан мықты екенін дәлелдеген. Ал жартылай финалда түркиялық Адем Бурак Ұзынды жеңді.

Ихсар бірнеше ай бұрын Йордания астанасы Амманда өткен 20 жасқа дейінгі палуандар арасындағы әлем чемпионатында алтыннан алқа таққан. Ол - грек-рим күресінен бір жылда екі жас санатындағы әлем чемпионатының ақтық сынына жеткен тұңғыш қазақ палуаны.

Тирана қаласында Ұлттық құрама 1 алтын, 2 күміс және 2 қола жүлдемен жалпы есепте 7-орын алды. Мұнда Ресей мен Беларусьтың біріккен командасын қоспағанда барлығы 22 мемлекетке медаль бұйырды.

Алтынды грек-рим күресінен Сұлтан Әсетұлы (67 кг) алып келсе, Асылжан Есенгелді (61 кг, еркін күрес) мен Ихсар финалда сүрінді. Ал Алтын Шағаева (53 кг) мен Ирина Кузнецова (62 кг) қолаға қол жеткізген.

Былтыр Испанияның Понтаведра қаласындағы әлем чемпионатында Қазақстан 1 күміс, 3 қоланың арқасында 16-сатыға тұрақтаған.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес