03.10.2023 | 19:08
Бөлісу:
Ильфат Абдуллин мен Ли У Сок Азия ойындарының қола медаліне таласады
Садақ атудан Ұлттық құрама көшбасшысы Ильфат Абдуллин Ханчжоу қаласында өтіп жатқан жазғы Азия ойындарының финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Ол классикалық садақпен нысана көздеудің жартылай финалында Отгонболд Баатархуягқа (Моңғолия) 2-6 есебімен есе жіберді. Енді қазақ мергені 7 қазанда 2 дүркін әлем чемпионы (командалық сында), Джакартадағы құрлық ойындарының 2 мәрте күміс жүлдегері, 2 дүркін Универсиада жеңімпазы Ли У Сокпен (Оңтүстік Корея) қола жүлденің иегерін анықтайды.
Ал Париж Олимпиадасының лицензиясы үшін жарыс қожайыны Сяншо Ци (әлем рейтингінде 23-орында) мен Отгонболд (әлем рейтингінде 293-орында) шеберлік байқаспақ.
Ильфат (әлем рейтингінде 22-орында) күндіз ХІХ жазғы ойындардың тартысты өткен ширек финалында Дхирадж Боммадевараны (Үндістан) 6-5 есебімен жеңіп, көктемде кеткен есесін қайтарған. Екі мерген биыл Түркияның Анталья қаласындағы Әлем Кубогының алғашқы кезеңінде қола жүлдені сарапқа салғанда үндістандық 3-7 есебімен жеңіп кеткен.
Кеше 1/8 айналымда қазақ атлеті 2 дүркін Олимпиада чемпионы, Әлем және Азия Кубогының жеңімпазы О Джин Хёкты (Оңтүстік Корея) жарыс жолынан ығыстырған. Оған дейін Ду Нгуенді (Вьетнам) айқын басымдықпен жеңген.
Жалпы Ильфат үшін бұл екінші Азиада. Джакартадағы ойындардың жартылай финалында Ли Ву Соктан (Оңтүстік Корея), қола медаль үшін кездесуде индонезиялық Риау Эга Сальсабилладан 2-6 есебімен жеңіліп, жекелей сынды 4-орынмен аяқтаған.
Айта кетейік, бүгін ширек финалда Ұлттық құраманың 3 өкілі – Акбарәлі Қарабаев, Адель Жексенбинова мен Андрей Тютюн үндістандық спортшылардан жеңіліп қалды.
«Фуян Иньху» спорт орталығында спорттың бұл түрінен 1-7 қазан аралығында 10 жүлде жиынтығы сарапқа салынады.
Ханчжоудағы ойындарда алғаш рет садақ ату спортынан Олимпиада жолдамасы үлестіріліп жатыр. Мұнда классикалық садақ атудан жекелей (ерлер, әйелдер) және аралас командалық сынның жеңімпазы Париждегі додаға тікелей жолдама алады.
Азия ойындарындағы нәтижеге шолу
Қазақстандық садақ атушылар 1994 жылдан бері құрлық Олимпиадасынан қалмаған. Осы уақытқа дейін қол жеткізген 3 қола командалық сында қоржынға түскен.
Хиросимада (1994 жылы) және Пусанда (2002 жылы) ерлер, ал Бангкокта (1998 жылы) әйелдер құрамасы үздік үштікті түйіндеген.
1994 жылығы құрам – Вадим Шикарев, Виталий Шин, Владимир Ешеев.
1998 жылғы құрам – Ирина Леонова, Елена Плотникова, Виктория Белослюдцева.
2002 жылғы құрам – Александр Ли, Станислав Забродский, Максим Елисеев.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:
Таңдаулы жаңалықтар
Барлық жаңалықАЛЕКСАНДР ЕРЕМЕНКО КЕЛЕСІ КЕЗЕҢГЕ ШЫҒА АЛМАДЫ
ДӘУЛЕТКЕЛДІ ЖАҢБЫРБАЙ ҮШІН ОЛИМПИАДА АЯҚТАДЫ