02.06.2026 | 12:54

ИЛЬФАТ АБДУЛЛИН: ШЕТЕЛДЕ КӨК ТУЫМДЫ КӨТЕРУ - КӨПТЕН БЕРГІ АРМАНЫМ ЕДІ

Классикалық садақ атудан Словенияның Камник қаласында өткен халықаралық Veronica’s Cup турнирінде топ жарған Қазақстан құрамасының мүшесі, Токио және Париж Олимпиадасының қатысушысы Ильфат Абдуллин жеңіс әсері, халықаралық бәсекедегі тәжірибесі және алдағы жоспарлары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Словения елінде жарыс көп болмайтын секілді еді ғой? Бұл жарысқа бару жайлы ой қайдан шықты?

⁃ Словенияда жарыстар көп бола бермейді. Cол үшін бұл старт біз үшін маңызды мүмкіндік болды. Бұл жарысқа қатысу туралы шешім дайындық процесі мен халықаралық тәжірибе жинау мақсатынан шықты. Себебі, біз бұған дейін ұзақ жылдар бойы Әлем чемпионаты, Азия чемпионаты, Әлем Кубогының кезеңдері және Азия Кубогының кезеңдерімен шектелетін едік. Биыл әлемдік рейтингке әсері бар өзге де жарыстарға қатысуды жөн деп шештік. Осындай турнирлер бәсекені сезінуге және деңгейімізді тексеруге жақсы мүмкіндік береді.

Халықаралық турнирдің қандай маңыздылығы болды? Қарсыластардың деңгейі бойынша айта аласыз ба?

⁃ Халықаралық турнирдің маңызы өте жоғары. Мұнда әртүрлі елдердің мықты спортшылары қатысады. Мысалы, классикалық садақ атуда әр елден 77 спортшы тіркелді. Ал жарыстың басты фавориті ретінде алаң иесі әлемдік рейтингте 29-орында тұрған, былтырғы чемпион Зига Равникар саналды. Әр кездесу оңайға түспеді. Әлемдік рейтингте рейтингісі төмен болса да, плей-оффтың алғашқы раундында британиялық Эдвард Грейді қосымша атыста ғана жеңе алдым. Сондай-ақ ширек финалда Әлем кубогының кезеңдерінде жүлде алып жүрген Парз Сушант Салунхтен айламды асырдым. Сондықтан бұл тәжірибе біз үшін өте құнды. Мұндай жарыстарда тұрақтылық пен психологиялық дайындық қатты сыналады.

Өз парақшаңызда 4 жылдан кейін жеңіс тұғырына көтеріліп жатырмын деп жаздыңыз. Осы жайт бойынша айта аласыз ба?

⁃ Иә, мен өз парақшамда 4 жылдан кейін қайтадан жеңіс тұғырына көтерілгенімді жаздым. 2022 жылы Біріккен Араб Әмірлігінде өткен Азия Кубогының кезеңіндегі жеңісімнен кейін біраз уақыт чемпион атануға сәті түспеді. Шетелде көк туымды көтеру - көптен бергі арманым еді. Сол аралықта бірнеше халықаралық старттарға қатыстым. Тәжірибе жинадым. Бірақ нақты жеңіс осы турнирде келді. Бұл нәтиже ұзақ еңбектің жемісі деп айта аламын.

Сіздің чемпион болғаныңыз әрине қуантады. Бірақ осы бәсекеде көзге көрінбей қалған өзге отандастарымыздың жетістіктері бар шығар?

⁃ Иә, мысалы, компаунд сайысында еліміздің жас әрі көшбасшысы саналатын Андрей Тютюн 1/8 финалда 2021 жылғы әлем чемпионы Нико Виенерді (Аустрия) жеңіп кетті. Андрей мүмкін болған 150 ұпайды иеленіп, бір ғана ұпаймен атақты қарсыласынан басым түсті. Одан бөлек, компаундта командалық сайыста қола жүлде еншіледі. Әсіресе U18 және U21 санатындағы жастарымыз үшін үлкен тәжірибе болып, бірнеше іні-қарындастарым жүлдегерлердің қатарына енді.

Сіздің үшінші Олимпиадалық циклге аяқ басқаныңыздан хабардармыз. Қаншалықты тәжірибеңіз көмектесіп жатыр және командадағы ең тәжірибелі спортшы болу жауапкершілікті жүктей ме?

⁃ Бұл менің үшінші олимпиадалық циклым. Тәжірибе өте қатты көмектеседі. Әсіресе жарыс кезінде шешім қабылдау мен психологиялық тұрақтылықты ұстау кезінде сезіледі. Командада ең тәжірибелі спортшылардың бірі болу жауапкершілік жүктейді. Бірақ ол мотивация да береді. Жас спортшыларға үлгі болуға тырысасың.

Күзде сіздер үшін ең маңызды Азия ойындары бар ғой. Ішкі іріктеу қалай жүреді?

⁃ Іріктеу және нақты шешімдер туралы мен айта алмаймын. Бірақ Азия ойындарына дейін бізде соңғы бақылау старт шілде айында Испанияда өтетін Әлем кубогы. Сол жарыстан кейін ғана бапкерлік штаб құрам мен дайындыққа қатысты шешім қабылдайды.

Азия ойындарындағы басты қарсыластарыңыз жайлы айта аласыз ба?

- Өздеріңіз білетіндей, садақ атудан Азия құрлығының спортшылары әлемдік деңгейде де өте мықты. Олимпиада ойындарының чемпиондары - Оңтүстік Корея, биылғы Әлем кубогының кезеңінде үздіктердің қатарына кіріп жүрген Қытай, Тайпей және жарыс қожайындары Жапонияның да қарқыны өте мықты. Үндістан, Бангладеш, Малайзия сынды елдердің спортшылары да жоғары нәтиже көрсетуге қауқарлы.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес