14.05.2024 | 20:39

Иван Сиваш: «Командада бәсеке артқан. Олимпиадаға кімнің баратыны анық емес»

Бүгін қазақстандық велотрек шеберлерінің қатарынан 3-ші Олимпиадада жүлдеге таласатыны белгілі болды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

 Велотректен Ұлттық құрама жаттықтырушысы Иван Сиваш велошабандоздардың дайындығы қалай өтетінін айтты.

«Канададағы жарыстан соң рейтинг шығып, квота ала алмағанбыз. Соған қарамастан кейін жолдамасы бар, бірақ тіркелген спортшысы жоқ елдердің орны қалғандарына үлестірілді. Біз бұл тізімде бірінші тұрғанбыз. Енді кейрин бағдарламасындағы спортшымыз спринтте де өнер көрсетеді. Кеше ғана команда Чехиядағы турнирден оралды. Қалған дайындықтың басым бөлігін Астанадағы тректе өткіземіз. Маусымда елордадағы халықаралық жарыстан кейін көрші мемлекеттерде арнайы оқу-жаттығу жиыны болады. Олимпиадаға аз уақыт қалғанда таулы жерде дайындықты бір пысықтап алуымыз керек. Қазір лайықты орын іздестіріп жатырмыз»,-деді.

Осыдан кейін бапкер Олимпиадаға баратын спортшы қашан анықталатынын, неге басымдық беретініне тоқталды.

«Бізде бұл санатта Олимпиадаға қатысуға мүмкіндігі бар (рейтингте жинаған ұпайы бар) 2 велоспортшыны айта аламыз. Олар: Сергей Пономарев пен Андрей Чугай. Қазір екеуі де тұрақты нәтиже көрсетіп жүр. Алдыңғы ойындар кезінде Сергеймен бір деңгейде жарысатын спортшы болмады. Ал осы циклда Андрей Чугай көрсеткіш жағынан иық тірестіріп келеді. Қазір Парижге кімнің баратынын нақты айту қиын. Бізде бір-бірінен кем түспейтін 2 атлет бар. Шешімді маусымның ортасында қабылдаймыз. Оған кейін Андрей де, Сергей де дайындықты тоқтатпайды»,-деді ол Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Айта кетейік, велотректен Париждегі бәсеке 5-11 тамыз аралығында Францияның Ұлттық велодромында өтеді. Кешен ел астанасы Парижден оңтүстік-батысқа қарай 25 шақырым жердегі Монтиньи-ле-Бретонне коммунасында орналасқан.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес