12.03.2023 | 21:24

Каратэші Белла Самашева мен Лаура Әліқұл Коньядағы бәсекеде топ жарды

Бүгін Түркияның Конья қаласында WKF каратэден А сериясына кіретін халықаралық бәсеке аяқталды. Осы маусымдағы 2-турнирде қазақстандық татами шеберлері жақсы өнер көрсетті.

Кумите бағдарламасында 55 келіге дейінгі салмақта Белла Самашева финалда Босния және Герцеговина спортшысы Нейра Шиповичті ұтты. Отандасымыз кеше жартылай финалда тайпейлік Цуи Пин Куды 2-1 есебімен жеңген.

Осыдан кейін 68 келіге дейінгі салмақта сынға түсетін Лаура Әліқұл қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа тақты.

Ал Малика Әбжанова (-50 кг), Әсемгүл Ердәулет (-55 кг), Венера Жақсыбаева (-68 кг), Айдос Мұхат (-67 кг), Батырғали Әбілмансұр (-75 кг) өз салмағында 5-орын алды. Барлығы бұл жарысқа 49 қазақстандық барды. Мұнда ең көп споршыны жарыс қожайыны Түркия (187 спортшы) қосса, одан кейін Иран (136 спортшы) мен Италия (75 спортшы) тұр.

Түркиядағы турнирде 76 елден келген 1100 каратэші шеберлік байқасты. Серияның келесі турнирін Ричмонд-Ванкувер (Канада), Ларнака (Кипр) мен Матозиньюш (Португалия) қаласы қабылдайды. Маусымдағы алғашқы бәсеке Грекия астанасында өткен.

Айта кетейік, А сериясындағы бәсекелерде көп ұпай жинап, өз салмағындағы рейтингте 32 спортшының қатарына кіргендер ең жоғарғы санаттағы Премьер-лигаға жолдама алады.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес