05.10.2023 | 17:34

Карина Ибрагимова – Азия ойындарының күміс жүлдегері

Боксшы Карина Ибрагимова Ханчжоуда өтіп жатқан ХІХ жазғы Азия ойындарының финалында жұдырықтасты, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Қазақ боксшысы (57 кг) алтын үшін айқаста Тайбэй былғары қолғап шебері Ю Тин Лиден жеңіліп қалды. Есеп: 0-5. Соған қарамастан оның еншісінде Париж Олимпиадасының жолдамасы бар.

Карина Ханчжоу шаршы алаңдарында барлығы 3 жекпе-жек өткізді. Алғашқы кездесуде Жинь Хьян Пэкті (Солтүстік Корея) жарыс жолынан шығарған. Ширек финалда Намуун Монхорды (Моңғолия) жеңген. Жартылай финалда Миджона Самадовадан (Тәжікстан) басым түскен.

Ибрагимова – әлем чемпионатының 3 дүркін жүлдегері. 27 жастағы спортшы биыл күміс, 2022 мен 2018 жылы қола медаль алған. Былтыр Азия чемпионы атанған.

Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасы бұл ойындарда 1 күміс, 1 қолаға ие болды. Жалпы әйелдер боксы Азиада бағдарламасына 2010 жылы қосылған.

 2010 жылы (3 салмақ) Саида Хасенова (60 кг, қола);

 2014 жыл (3 салмақ) Жайна Шекербекова (51 кг, күміс), Марина Вольнова (75 кг, қола);

 2018 жыл (3 салмақ) Қазақстанға медаль бұйырмаған.

 2023 жыл (6 салмақ). Алғаш рет Олимпиада жолдамасы сарапқа салынды. Карина Ибрагимова (57 кг, күміс), Наталья Богданова (66 кг, қола).

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес