25.03.2023 | 21:27
Бөлісу:
Карина Ибрагимова – бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері
Делидегі әлем чемпионатының тоғызыншы жарыс күні еліміздің әйелдер боксы үшін маңызды күн болды. Олимпиадалық 57 келіге дейінгі салмақтың финалында отандасымыз Карина Ибрагимова Италия боксшысы Ирма Тестамен жұдырықтасты.
Аса тартысты жекпе-жек алма-кезек шабуылдармен өтті. Қарсыластың атақ-даңқына қарамастан, Ибрагимова өте жақсы өнер көрсетті. Бірақ, төрешілер бұл бәсекеде жеңісті италиялыққа берді.
«Әрине алтын алғым келді. Барымды салып бокстастым. Бапкерлер айтқан тактиканы ұстандым. Маған қолдау көрсеткен жанкүйерлерге алғысым шексіз. Жүлдемді ұлттық құрамадағы командаластарыма, бапкерлерге және Қазақстан халқына арнаймын», - деді Карина Ибрагимова марапаттау рәсімінен кейін.
Әлем чемпионатының күміс медалі Ибрагимованың карьерасындағы ең үздік нәтиже.
Ертең, 26 наурыз күні бас жүлде үшін аса ауыр салмақтағы боксшымыз Ләззат Күнгейбаева сынға түседі. Қарсыласы - марокколық Хадидже Эль-Марди.
Чемпионат қорытындысы бойынша 4 боксшымыз қола жүлдегер атанды. Тұғырдың үшінші сатысына Алуа Балқыбекова (48 кг), Надежда Рябец (66 кг), Валентина Хальзова (75 кг) және Фариза Шолтай (81 кг) көтерілді.
Үндістан астанасы әйелдер арасындағы әлем чемпионатын осымен үшінші рет қабылдап отыр. Жеңімпаздар Халықаралық бокс қауымдастығынан 100 мың, күміс жүлдегерлер 50 мың, қола жүлдегерлер 25 мың АҚШ долларын алады. Қазақстан әйелдер құрамасы толық құраммен өнер көрсетті.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:
Таңдаулы жаңалықтар
Барлық жаңалықНҰРБЕК ОРАЛБАЙ ЕЛГЕ ОРАЛДЫ
НҰРБЕК ОРАЛБАЙ – ПАРИЖ ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ КҮМІС ЖҮЛДЕГЕРІ