03.03.2023 | 15:08

Конькимен жүгірушілер еншісінде 2 медаль бар

Бүгін Кузбаста өтіп жатқан «Азия балалары» ІІ қысқы ойындарында конькимен жүгіруден соңғы жүле жиынтығы сарапқа салынды. Алдыңғы 2 күнде медальге сынық сүйем қалғанда сүрініп келген қазақстандықтар бұл жолы 1 алтын, 1 күміс жүлде жеңіп алды.

Әуелі командалық спринтте Денис Мезенцев, Михаил Бровко, Михаил Матрюхин үштігі Сібір федералды округынан кейінгі 2-ші нәтиже көрсетті. Біздің құраманың көрсеткіші – 1:36.75 секунд. Жеңімпаздан 6 секунд қалып кетті. Үздік үштікті Беларусь түйіндеді.

Қыздар арасындағы спринтте Қазақстан құрамасына сәл сәттілік жетіспеді. Айзада Рымбек, Варвара Глухова мен Екатерина Ларионова 4-сатыға тұрақтады.

ВАРВАРА ДЕГЕНІНЕ ЖЕТТІ!

Осыдан кейін отандасымыз Варвара Глухова масс-стартта қарсылас шақ келтірмей, халықаралық жарыстағы алғашқы алтынын мойнына тақты. Ол 6:11.61 секундта жүгіріп өтті. Күміс медаль Беларусь спортшысы Палина Севецке, қола ресейлік Екатерина Островскаяға бұйырды.

Айта кетейік, Варвара Кубастағы ойындарда жақсы нәтиже көрсеткен Ұлттық құрама көшбасшысы. Оның қалған қашықтықтағы нәтижелері мынандай:

-500 метрде 5-орын;

-1000 метрде 7-орын;

-1500 метрде 9-орын;

-3000 метрде 5-орын;

-Командалық спринтте 4-орын;

-Масс-стартта 1-орын:

«Осыған дейін жүлдеге сәл қолым жетпей келді. Ең қысқа қашықтықта медаль алып, жарысты сәтті бастағым келген. Бірақ қарсыластарым менен мықты болды. Бағана командалық спринтте 4-орын алғанда жүлдесіз қалғанымызға аздап ашуландым. Масс-старт біздің соңғы жарысымыз еді. Сондықтан барымды салдым. Алтыншы айналымда аяғым тырыса бастады. Соған қарамастан көш бастап келе жатқан спортшыдан қалмай, бар күшімді соңғы айналымға сақтадым. Мәреге жақындағанда бәрі өзім ойлағандай болды. Қазір қуанышымда шек жоқ»,-деді Варвара Глухова.

Қазір Қазақстан қоржынында 3 алтын, 5 күміс пен 5 қола медальмен жалпы есепте 4-орынға көтерілді. Айта кетейік, Кузбасс аймағындағы қысқы ойындары ертең аяқталады.

Суреттердің авторы - Максим Иванов.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес