21.05.2026 | 20:12

КӨРКЕМ ГИМНАСТИКАДАН БІШКЕКТЕГІ АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНДА ҚАЗАҚСТАН НАМЫСЫН КІМДЕР ҚОРҒАЙДЫ?

23–26 мамыр аралығында Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында көркем гимнастикадан Азия чемпионаты өтеді, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Құрлықтық додаға жекелей сын бойынша 17 елден 30-дан астам атлет, ал топтық жаттығуларда 10 елден 10 команда қатысып, өзара мықтыны анықтайды. Аталған жарыста Ұлттық құрама да толық құраммен бақ сынайды.

Жекелей бағдарлама: Ақмарал Ерекешева, Айбота Ертайқызы

Ал топтық жаттығуларда Қазақстан командасы келесі спортшылардан жасақталған: Жасмин Жүнісбаева, Аида Хакимжанова, Мадина Мырзабай, Айзере Нұрмағамбетова, Айзере Кеңес, Кристина Чепульская.

Бас бапкер – Лола Әділбекова.

Чемпионат бағдарламасына сәйкес, 23–24 мамыр күндері көпсайыстың іріктеу кезеңдері өтеді. 25 мамырда жекелей және топтық көпсайыс финалдары ұйымдастырылса, 26 мамырда әр бағдарлама бойынша финалдық сайыстар көрермен назарына ұсынылады.

Айта кетейік, бұл дода – Азияның үздік көркем гимнастары бас қосатын маңызды бәсеке. Сондай-ақ, ол күзде Жапонияда өтетін жазғы Азия ойындарына дайындықтың кезеңі саналады.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес