28.09.2022 | invalid
Бөлісу:
Күрестен Ұлттық құраманың бас бапкерлері есеп берді
Бүгін Спортты дамыту дирекциясында күрестен Қазақстан құрамасы бапкерлерінің есебін тыңдау өтті. Жиынға ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасарлары – Бекболат Байжанов пен Айгүл Бектенова, дирекция директорының міндетін уақытша атқарушы Оралбай Жақсымбетов, Қазақстан еркін, грек-рим және әйелдер күресі федерациясының Бас хатшысы Димаш Сұлтанов, Мемлекеттік жаттықтырушылар мен команда басшылары қатысты.
Серік Жұмашев, Мадияр Құрамысов пен Қайрат Сағадиев жуырда Сербия астанасында өткен Әлем чемпионатындағы шәкірттерінің нәтижесі жайында есеп берді. Әуелі бәсекеге дайындық қалай өткенінен бастап баяндаған олар құрамаға қойылған мақсат пен міндетке қол жеткізуге не әсер еткені жайлы тарқатып айтты.
Кездесуде грек-рим күресінен Ұлттық құрама бапкерінің кеңесшісі, екі дүркін әлем және Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко біздің балуандардың көрсеткішін сараптай келе, мамандар жұмысын бұдан әрі жүйелей түсу үшін нақты қадамдар жасау керегін атап өтті. Сондай-ақ оқу-жаттығу жиындарын тиімді өткізу мен халықаралық жарыстар таңдауға айрықша мән беру жайлы сөз болды. Сонымен қатар ел чемпионатының деңгейін арттыру бойынша нақты жұмыс қолға алынбақ.
Есеп беру барысында бас бапкерлер оқу-жаттығу жиыны мен жарыс кезінде балуандардың тез қалпына келуі үшін фармакологиямен қамтамасыз етудің маңызды екеніне тоқталды. Комитет, Спортты дамыту дирекциясы мен федерация өкілдері бұл бағытта жүйелі жұмыс жалғасып жатқанын жеткізді. Бапкерлер сөз соңында резерв даярлау жайы мен әдістеме жұмысына қатысты ұсыныстарын ортаға салды.
Айта кетейік, Белградта Қазақстан құрамасы күрестің әр түрінен бір-бір медальге қол жеткізді. Өз салмағында (72 кг) көш бастап тұрған Жәмилә Бақбергенова финалда америкалық балуанға есе жіберсе, грек-рим күресінен Айдос Сұлтанғали мен еркін күрес шебері Азамат Дәулетбеков қола жүлде үшін белдесуде қарсыластан басым түскен. Барлық салмақта спортшы апарған Қазақстан 3 жүлде – 1 күміс және 2 қоламен, жалпы есепте Мажарстан екеуі 16-орынды бөлісті.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:
Таңдаулы жаңалықтар
Барлық жаңалықТАРИХИ СӘТ! НҰРҚОЖА ҚАЙПАНОВ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ
ДӘУЛЕТ ЕРГЕШ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕ ТАЛАСАТЫН МҮМКІНДІК АЛДЫ
ТАРИХИ СӘТ! РИЗАБЕК АЙТМҰХАН 3 ДҮРКІН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ