28.12.2023 | 22:08

Магнус Карлсен мен Анастасия Боднарук рапидтен әлем чемпионы атанды

Өзбекстанның Самарқан қаласында өтіп жатқан рапид пен блиц шахматтан әлем чемпионаты бел ортасына жетті, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Бүгін ерлер арасында 13, ал әйелдер араында 11 турға созылған рапидтен жүлдегерлер анықталды.

Ерлер арасында Свен Магнус Карлсен 10 ұпай жинап, тағы ешкімге дес берген жоқ. Норвегиялық гроссмейстер былтыр Алматыда қос алтынға қол жеткізген. Алдағы күндері сол блицте жетістігін қайталаудан дәмелі. Магнус – енді рапидтен 5 дүркін, блицтен 6 дүркін әлем чемпионы. Сонымен қатар оның классикалық шахматтан 5 дүркін әлем чемпионы деген атағы тағы бар. Бүгін күміс Владимир Федосеевке (Словения), қола Ю Янгқа (Қытай) бұйырды.

Қазақстан ойыншыларынан ең үздік нәтиже Денис Махневтің еншісінде (8 балл). Одан кейін Әлішер Сүлейменов (7,5) тұр. Толық кестені мына жерден көре аласыздар.

Әйелдер арасында Анастасия Боднарук (FIDE) топ жарса, Үндістан шахматшысы Хампи Конеру күміс, Лей Тинцзе (Қытай) қола жүлдеге ие болды. Үш ойыншы да 8,5 ұпайдан жинады. Қосымша көрсеткіш бойынша Анастасия бас жүлдеге қол жеткізді.

«Қазір чемпион атанғаныма сене алмай отырмын. Мұндай нәтиже көрсетем деп ойлаған жоқпын. Шешуші турда Хампи Конеру менен жақсы ойнады. Алайда мен барынша жылдам ойын көрсетуге тырыстым. Рапидті жақсы ойнайтыным рас. Биыл Ресей чемпионатында топ жардым. Енді барынша тынығып, ертеңгі блицке дайындаламын»,-деді Анастасия.

Ұлттық құрама көшбасшысы Бибісара Асаубаева бұл сынды 19-орында аяқтады. Ол бүгін Май Нарва (Эстония), Элина Даниелиян (Армения), соңғы турда Нутакки Приянкамен (Үндістан) тең ойнап, ұпай санын жетеуге жеткізді. Ұлттық құрамадағы жас ойыншының бірі Зарина Нұрғалиева да 7 балл жинап, қосымша көрсеткіш жағынан 18-сатыға көтерілді. Толық нәтиже мына сілтемеде.

Айта кетейік, биылғы чемпионаттың жалпы жүлде қоры – 1 миллион АҚШ доллары. Оның 700 мыңы ерлер арасындағы ашық бәсекеде, қалған 300 мыңы әйелдер арасындағы турнирдің жүлдегерлеріне үлестіріледі. Шахматшылар 29-30 желтоқсанда блиц түрінен мықтыларды анықтайды.

Әлем чемпионаты жайлы барлық ақпаратты FIDE мен Спортты дамыту дирекциясының сайтынан біле ала аласыздар. ФИДЕ-нің YouTube арнасында тікелей эфирде ойындарды әлем чемпионы Вишванатан Ананд пен шахмат журналисі Анастасия Карлович жүргізіп жатыр.

Тікелей эфир сілтемесі

Рапид пен блицтен былтырғы әлем чемпионаты тура осы уақытта Алматы қаласында өтіп, рапидте Динара Садуақасова күміс жүлдегер атанса, блицтен соңғы турда Бибісара Асаубаева алтыннан алқа таққан. Ал ерлер арасында екі сында да Магнус Карлсен қарсылас шақ келтірмеген.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес