14.10.2024 | 22:36

«МЕН МҰЗҒА ОРАЛДЫМ». АБЗАЛ ӘЖҒАЛИЕВ ҮЗІЛІС АЛҒАН БІР ЖАРЫМ ЖЫЛДА НЕМЕН АЙНАЛЫСТЫ?

Шорт-тректен Ұлттық құрама көшбасшысының бірі Абзал Әжғалиев үзілістен кейін үлкен спортқа қайта оралды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Жуырда Абзал Астанада өткен Қазақстан чемпионатында күміс жүлдегер атанып (500 метр), халықаралық жарыстарға дайын екенін бапкерлер қосынына көрсеткен.

«1,5 жыл үзілістен кейін мұзға оралдым. Бұл уақыт аралығында жаттығуымды қиындатып, өзімді шыңдаумен болдым. Жақында өткен Қазақстан чемпионатында іріктеуден сәтті өттім. Енді жаңа жарыс маусымына шығуға дайынмын. Алғашқы жарыс Канада елінде. Маған деген сенімін үзбеген жанкүйерлерім мен жақындарыма рахмет!»,-деп жазды спортшы өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Ал Қазақстан конькишілер одағының Атқарушы директоры Олжас Беспаев сұхбат барысында Ажғалиевтің дайындығын қалай және қайда өткізгенін айтып берді.

«Былтырғы ел чемпионатына Абзал Әжғалиев белгілі себепке байланысты қатысқан жоқ. Ол Оңтүстік Кореядан шақырту алып, сонда даярлық жұмыстарын жүргізді. Кезінде біздің құрамамен бірге кәріс маманы жұмыс істеген. Оған шақырту сол кісі арқылы түсті. Мұнда сол елдің шорт-трекшілеріне шеберлік шыңдау үшін Абзалдың кәсіби машықтары керек болған. Ал Абзал ол жаттығу жиыны арқылы физикалық әлеуетін күшейтті дей аламын. Өзіңіз білесіз, Корея спортшылары физикалық және техникалық тұрғыдан мықты келеді»,-деп айтты Олжас Беспаев.

Айта кетейік, шорт-тректен Қазақстан құрамасы халықаралық маусымды Монреальда 25-27 қазан аралығында өтетін Әлем Кубогының алғашқы кезеңімен бастайды. Ізін ала АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласына жол тартады. 

Фото: Абзал Әжғалиевтың әлеуметтік желідегі парақшасынан.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес