31.01.2023 | 13:26

Мергендер Әлем Кубогінде 3-медальге ие болды

Индонезия астанасы Джакартада винтовка және тапаншамен нысана көздеуден Әлем Кубогі жалғасып жатыр. Санаулы сәттер бұрын отандастарымыз осы бәсекедегі үшінші медальге қол жеткізді.

Ерлер арасында 10 метрден пневматалық винтовкамен нысана көздеуде Қазақстан құрамасы күміс жүлдегер атанды. Финалда біздің мергендер Аустрияға 16-8 есебімен есе жіберді. Ел намысын Константин Малиновский, Никита Шахторин мен Ислам Сәтпаев қорғады.

Қазір Қазақстан 2 күміс және 1 қола медальмен жалпы есепте 7-орында тұр. Джакартадағы бәсекеге барлығы 15 қазақстандық спортшы аттанды. Олардың бәрі Әлем Кубогі қарсаңында 10-26 қаңтар аралығында Кувейтте өткен оқу-жаттығу жиынына қатысқан.

Индонезиядағы сайыста (31 елден, 300-ге жуық спортшы келген) рейтинг ұпайлары сарапқа салынып жатыр. Ал бұл ұпайлар кейін Париж Олимпиадасына қатысуға мүмкіндік береді. Әлем Кубогі 7 ақпанда мәресіне жетеді.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес