04.10.2023 | 16:15

Мейіржан Шермаханбет – Ханчжоудағы Азия ойындарының күміс жүлдегері

Санаулы сәттер бұрын Мейіржан Шермаханбет Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан ХІХ жазғы Азия ойындарында Қазақстан делегациясының қоржынына күміс медаль салды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Грек-рим күресінен Ұлттық құрама палуаны финалда былтырғы Азия чемпионатының қола жүлдегері Кацуаки Эндодан (Жапония) жеңіліп қалды. Есеп 3-4.

Бұл салмақтағы екі қола Сайед Даниал Сохраби мен Раззак Бейшекеевтің (Қырғызстан) еншісінде кетті.

Мейіржан (67 кг) таңертең бозкілем төрінде 1/8 айналымда Наттапонг Хинмиді (Таиланд) сосын, жарыс қожайыны Лэй Лиді, жартылай финалда жастар арасындағы әлем чемпионы Сайед Даниал Сохрабиді (Иран) таза жеңді.

Мейіржан Шермаханбет жарақатына байланысты жылдың басындағы ҚР-ның VI жазғы Спартакиадасына қатысқан жоқ. Жазда Дортмунд қаласында өткен Германия Гран-приінде қола жүлдеге қол жеткізді.

Жалпы Мейіржан үшін бұл алғашқы сары құрлық ойындары екенін айта кетейік. Ол 2018 жылы Будапеште өткен дүниежүзі чемпионатында қолаға қол жеткізіп, Азия чемпионатында күміс (2019 жылы) және алтын (2022 жылы) жеңіп алған.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес